Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 80%-ға жуықтады – министр
Колледж түлектерін жұмыспен қамту деңгейі 79%-ға жеткен. Бұл жайлы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 772 колледжде 565 мың студент оқып жатыр. Оның ішінде 177 мың студент биылғы жылы оқуға қабылданған. Ал 91 мың студент дуальды оқумен қамтылған екен.
«Маман даярлаудағы маңызды қадам – бизнеспен ынымақтастық құру. Қазіргі уақытта 518 кәсіпорын дуальды оқыту, шефтік қамқорлыққа беру секілді түрлі өзара ынтымақтастық құралдарын қолдана отырып, 410 колледжбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауда. Бұл студенттерді практикалық дайындықпен және жұмыспен қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді. Қазақстанда колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 79%-ды құрайды», – деді министр.
Сонымен бірге минстр 2030 жылға қарай еліміздегі 30 колледж халықаралық салалық аккредиттеуден өтетінін айтты. Бұл әлемдік стандарттар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік бермек.
Колледждер сенімгерлік басқаруға беріледі
Министр колледждерді салалық көшбасшылар бірігетін индустриялық алаңға айналдыру үшін бизнеспен ынтымақтасу маңызды екенін айтты. Осы орайда колледждерді сенімгерлік басқаруға беру тетігі қайта қаралуы мүмкін.
«Инфрақұрылымды дамытуды, білім ұйымының профилі мен контингентін сақтауды және инвестициялауды міндеттей отырып, колледждерді ірі және орта бизнеске сенімгерлік басқаруға беру тетігі қайта қаралады», – деді Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, сенімгерлік басқаруға берілген Қостанай облысындағы автокөлік колледжінің тәжірибесі бұл механизмнің тиімді екенін дәлелдеген. Өңірдегі салалық колледжді «ALLUR» компаниясы шефтік қамқорлыққа алған.
Министр колледжді сенімгерлік басқаруға берудің ұтымды тұстарына тоқталды. Олар мынадай:
- материалдық техникалық базаны нығайтады;
- инновациялық өндірістік технологиялармен қамтылған практика базаларына қол жеткізеді;
- білім беру процесін жақсартады;
- түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейтеді;
- мемлекет меншігі болып қала береді.
Яғни сенімгерлік басқару арқылы колледждерді ең соңғы заманауи құрылғылармен жабдықтап, студенттерді кәсіпорындар өтінімімен мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында оқыту көзделіп отыр.