Маңғыстауда уланған оқушылардың ата-аналары мектеп тамағына балалардың бұрыннан көп шағымданатынын айтты

Жарияланды
Маңғыстауда уланған балалар мектеп тамағына бұрын да шығамданған / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте асхана тамағынан уланған баланың саны 460-қа жетті. Маңғыстауда уланған мектеп оқушыларының ата-аналары балалардың тамақ сапасына қатысты бұған дейін де шағым түсіріп келгенін айтты.

«Бұл жағдай бірінші рет қайталанып тұрған жоқ. Өткен жылы менің балам ашып кеткен ботқа бергенін айтты. Мен бұл мәселені талай көтердім. Бір менің балам емес, барлық ата-ананың балалары тамақтың сапасы нашар екенін айтқан. Мен содан бастама көтеріп, асхананы тексеруді ұсындым. Балаларымыздың не жеп жатқанын көрейік дедім. Бірақ ешкім бармай қойды», – дейді ата-ана.

Балалар уланған күні асхана мәзірінде езілген картоп пен котлет болған. Балалардың жағдайы осы тамақтан кейін нашарлай бастаған. Ата-аналар уланған балалардың көптігіне байланысты кей балаларға ауруханадан орын табылмағанын айтады.

«Менің екі балам да уланды. Бірінші үлкен қызым ауырды. Түнге қарай кішкентай қызымның да жағдайы нашарлап кетті. Біз үш рет ауруханаға бардық. Бірақ ол жерде бос орын болмады. Мектепте бізге не болғаны жайлы нақты ешкім түсіндірген жоқ», – дейді бір ата-ана.

Еске сала кетсек, 8 қыркүйек күні Маңғыстау облысында 140-тан астам оқушы уланып, екі бала жансақтау бөліміне түскені жайлы ақпарат тарады. Жағдай 6 қыркүйек күні тіркелген. 21 оқушының жүрегі айнып, іші ауырғанына шағымданған. Ал жексенбі, 8 қыркүйек күні 141 бала медициналық көмекке жүгінген.

Ал кеше, 9 қыркүйек күні Маңғыстауда тамақтан уланған оқушылардың жағдайы қайталанбас үшін Премьер-министр Олжас Бектенов бір ай ішінде республикадағы барлық мектептің асханаларын тексеруді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз