Lifestyle

Қазақстан нарығындағы ең сенімді қытайлық көліктердің үштігі

Отандық нарықта ресми түрде 20-дан аса қытайлық көлік бар / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2023 жылдың соңында Қазақстандағы сатылымы бойынша ең танымал он көлік брендінің жетеуі «made in China» болды. Соңғы бір жылда қытайлық автолар Қазақстан нарығындағы өз үлесін екі есеге арттырып, 40 мыңға жуық көлік сатты. Елде ең көп сатылатын қытайлық темір тұлпарлар: Chery, Haval және Jac. Алайда олар ең сенімді көліктер тізіміне кіре ме? «Аспан асты елінің» өз азаматтары қандай авто тізгіндейді? Статистка нені меңзейді? «Курсив» тілшісі зерттеп көрді.

Жалпы отандық нарықта ең көп сатылатын, сол арқылы танымал болған Haval, Chery, Geely маркалары бар. Алайда сарапшылар сан мен статистиканың басымдығы оның сапасынан хабар бермейтінін айтады. Бүгін де отандық нарықта ресми түрде 20-дан аса көрші ел бренді бар. «Сұр» импортпен әкелінген 15-тен аса авто маркаларын кездестіруге де болады. Сондай-ақ Қазақстан нарығында ұсынылмаған брендтер де жетерлік. Сондықтан шетелдік сарапшылар талдауынан өткен, Қытайдың өзінде сенімді деп танылған көліктер үштігін ұсынамыз.

Қытайлар қандай көліктерге басымдық береді:

  1. BYD – 2024 жылы Қытайдағы ең көп сатылып жатқан көлік. Оның ішінде BYD Qin PLUS (+18,4%), одан кейін BYD SONG (+19,1%) бар. Брендтің басты ерекшелігі – гибрид және электр көліктерін қатар ұсынады. Штаб-пәтері Шэньчжэньде орналасқан. Еуропалық Одақ елдерінде сертификаттаудан сәтті өткен. Бүгінде BYD Қытайдан бөлек Өзбекстан сынды бірқатар елде құрастырылады.
  2. Tesla – 2023 жылы дәл осы көлік Қытайдағы ең танымал бренд атанған. Бірақ бұл жерде Қытайдағы Tesla Model Y Шанхайдағы гигафабрикада құрастырылғанын атап өткен жөн. Негізінен тұтынушылар қолдауының арқасында Model Y Қытайда ғана емес, әлемде де ең көп сатылатын автокөлік атанды.
  3. Nissan – оның ішінде, Nissan Sylphy моделі 2022 жылы Қытайдағы ең танымал көлік болды. Кейін ол бірте-бірте жаңа қуат көздерімен жұмыс істейтін көліктерге жол беріп, рейтингте төмен сырғыды. Алайда әлі де үздік үштік қатарында. Бұл модельді Қытайда Nissan және Dongfeng бірлескен кәсіпорны шығарады.

Бұл көліктердің ішінде BYD Қазақстан нарығына ресми түрде қарашада келеді. Ал Tesla «сұр» нарықта көптеп кездеседі. Nissan диллерлік орталығы бұрынан бар.

Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығының мәліметінше, рейтингтегі ең танымал автокөлік брендтерінің қатарында Changan, Geely, Wuling, GAC, FAW, Chery және Haval бар. Бұл ретте сатылған көліктердің тең жартысына жуығын жергілікті брендтер құраса, қалған бөлігін Volkswagen, BMW, Honda, Mercedes-Benz, Audi-ге басымдық береді.

Еске сала кетсек, мамыр айында Қазақстанда Kaiyi көлігінің сатылымы ресми түрде басталады. Бұл Қазақстан нарығындағы 15-ші қытайлық автобренд болды.

ҚХР мемлекеттік кеден басқармасының мәліметінше, 2023 жылы «аспан асты елі» шетелге 1,54 миллион электромобиль экспорттап, 34,12 миллиард доллар табыс тапқан. Осылайша алғаш рет Жапонияны басып озды. Сарапшы Қытайдың жаһандық электромобильдер экспортындағы үлесі 2018 жылғы 4,2%-дан былтыр 35%-ға жеткенін айтады.