Будапеште 45-ші шахмат олимпиадасы басталды. 10-23 қыркүйек аралығында өтетін бұл олимпиадаға Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары қатысады.
Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы әр екі жыл сайын өтеді. Халықаралық шахмат федерациясының «Gens Una Sumus» («Біз – бір отбасы») деген ұраны аясында жарыс кезінде әртүрлі елдерден келген шахматшылар жиналады.
Биылғы олимпиада командалар саны бойынша рекорд орнатты. Яки ашық (ерлер) жарыста 197, әйелдер жарысында 184 команда тіркелді.
Жарыс алдында құрамалар мүшелеріне сәттілік тілеп, қолдау білдіру мақсатында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов құттықтау хат жолдады.
«Қазақстан шахматшылары әлемдік жарыстарда ел намысын абыроймен корғап келеді. Бұл жолы Олимпиададан да оң нәтижемен оралары күмәнсіз. Өйткені ұлттық құрама сапындағы спортшыларымыздың дені – халықаралық додаларда талай мәрте топ жарып, көк Туымызды көкте желбіреткен шеберлер. Айтулы дода оларға сәттілік тілей отырып, Қазақ елі тұтастай қолдау көрсетіп, жанкүйерлік ететінін еске салғым келеді», – деді министр үндеуінде.
45-ші шахмат олимпиадасы кезінде ел намысын ең мықты шахматшылар қорғайды.
Ерлер құрамасының бес мүшесі (орташа рейтинг — 2513, № 41):
- GM Денис Махнёв (2551),
- GM Қазыбек Нөгербек (2519),
- GM Рамазан Жалмаханов (2497),
- GM Әлішер Сүлейменов (2484),
- IM Алдияр Ансат (2457)
Әйелдер құрамасының бес мүшесі (орташа рейтинг — 2373, № 10):
- IM Бибісара Асаубаева (2482),
- IM Меруерт Камалиденова (2352),
- WGM Ксения Балабаева (2335),
- WGM Алуа Нұрман (2324),
- WIM Амина Қайырбекова (2243).
«Соңғы жеңістер мен нәтижелер қазақстандық шахмат мектебінің әлемдегі ең мықтылардың бірі екенін, ал біздің спортшылардың дәстүрлі түрде ең беделді турнирлердің басты фавориттері болып саналатынын көрсетті. Венгрияда басталған Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы осыны тағы бір рет растап, бізге жаңа мақтаныш сезімін сыйлайды деген үміттемін. Шахматшыларымызға сәттілік, өз күштеріне сенімділік және табыс тілеймін! Барлық қазақстандықтар сіздердің ойындарыңызды жіті қадағалап, қолдау көрсетіп, жанкүйер болады», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов өз тілегінде.
Олимпиада командалары төрт негізгі және бір алмастыру ойыншыдан тұрады. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 40 жүріс үшін 90 минут уақытты бақылаумен 11 раундта өтеді. Содан кейін ойын аяқталғанша, 30 минут және әр жүріс үшін 30 секунд қосылады. Қорытынды нәтиже команданың барлық мүшелерінің нәтижелеріне байланысты болады.
Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша 45-ші шахмат олимпиадасы экология талабын мейлінше сақтауға көңіл бөлінеді. Жарыс алаңдары мен қонақүйлер арасында велосипед және электромобильдермен жүруге мүмкіндік болады. Сондай-ақ қағаз бен пластиктен бас тарту қарастырылған. Ойындарды танымал платформаларда онлайн режимінде қадағалауға болады.
Айта кетейік, Қазақстандық шахматшы Меруерт Камалиденова Қарағанды облысы әкімінің кубогында жеңіске жетті. Турнир ойындары 27 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтті.