«Ұмай» әйелдер ипотекасы 2025 жылы қайтадан іске қосылады. Бұл туралы «Отбасы Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұмай» – ресми табысы бар жұмыс істейтін әйелдерге арналған ипотека. Оның мөлшерлемесі коммерциялық банктерге қарағанда төмен. Бағдарлама 2021-2023 жылдар аралығында іске асырылған. Жобаны Азия даму банкі қаржыландырды.
Бағдарлама бойынша сатып алынатын баспананың шекті құны 30 млн теңгеден аспауы тиіс. Пайыздық мөлшерлеме 14,4% (ЖТСМ 15,4% бастап), кейін 3,5%-5% дейін төмендейді (ЖТСМ 3,6% бастап).
Ипотекалық несиенің мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін. Бұл ретте баспана таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Заемдар жаңа үйлер мен қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға да беріледі. Соның ішінде баспананы үлестік қатысу шарты бойынша да алуға болады. Сондай-ақ бағдарлама бойынша пәтерді жөндеу жұмыстары үшін 3,7 млн теңгеге дейін кредит алуға мүмкіндік бар.
«Несие сомасының 20% көлеміндегі бастапқы жарнаны «Отбасы банкіндегі» депозитке салу қажет», – деп жазылған хабарламада.
Бұл ретте бастапқы жарна үшін БЖЗҚ-дан аударылған ақшаны пайдалануға болады.
Тағы бір ерекшелік, жобаға қатысу үшін қойылатын кіріс бойынша талап өзгерді. Енді кірістің максималды сомасы – 900 000 теңгеден астам сомаға айтарлықтай ұлғайтылды. Яғни шамамен осы сомаға дейін табысы бар тұлғалар бағдарламаға қатыса алады.
Нұрлан Ақшановтың айтуынша, әзірге филиалдарға барудың, 300 нөміріне қоңырау шалудың немесе кеңесшілерден сұраудың қажеті жоқ.
«Құрметті ханымдар мен қыздар, осы посты оқып, шарттарды талдап көріңіз, депозитіңізді тексеріп, оны 2024 жылы толтыруды ойлаңыз немесе депозит ашып қойыңыз», – деп жазды банк өкілі.
Еске сала кетсек, 2023 жылы бағдарламаға 15,6 млрд теңге жұмсалды. Несиенің 60% облыстар мен шағын қалалардың тұрғындарына берілген. Бұл өңірлердегі қазақстандық әйелдерді қолдау және несие беруде диспропорцияны болдырмау мақсатында жасалды.