Банк пен қаржы

Қазақстанда электрондық ақшамен жүргізілген операциялар саны 30% артты

Жекелеген төлемдердің 74,4%-дан астамын нарықтағы 15 ұйым көрсетеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан аумағында 138 төлем ұйымы тіркелген. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 20%-ға өсті. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

2024 жылдың қаңтар-шілдесінде төлем ұйымдарының сервистері арқылы қаржы айналымы 3,8 трлн теңгені құрады. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда статистика 3,5% төмендеді.

Жекелеген төлемдердің 74,4%-дан астамын нарықтағы 15 ұйым көрсетеді.

«2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы операциялардың  көлемі жағынан клиенттердің мобильді құрылғылар мен интернет желісінің көмегімен бастама жасаған операциялары бойынша ең үлкен өсім байқалды», – деп хабарлады бас банк.

Алты айда мобильді құрылғылар мен интернет желісі арқылы 2 595 млрд теңгеге 291 млн операция жүргізілді. Осы тұста да көрсеткіштің былтырғыдан 10%-ға өскенін байқауға болады.

Қолма-қол ақшаны қабылдауға байланысты операциялар бойынша төлем ұйымдары 804 млрд теңгеге 71 млн операция жүргізді.

Бұл ретте электрондық ақшамен жасалатын операциялар айтарлықтай өскен. 2024 жылғы бірінші жартыжылдықта 369,6 млрд теңгеге операциялар жүргізілді (30,6%-ға өсті).

Төлем ұйымдарының аумақтық таралуы былай қалыптасты: 

  • төлем ұйымдарының 92,0% (127 бірлік) – Алматыға;
  • 5,8% (8 бірлік)  – Астанаға;
  • 1,4% (2 бірлік)  – Қарағандыға;
  • 0,7% (1)  – Рудныйға;
  • 0,7% (1)  – Қонаев қаласына тиесілі.

Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандықтардың қолма-қол ақшамен сауда жасауды азайтқанын жазған едік. Ал тауар мен қызметке онлайн тапсырыс берушілер тіпті арта түсті.