Италия Еуроодақтың жанармаймен жүретін дәстүрлі көліктерге тыйым салуын «сандырақ» деп атады

Жарияланды 12 Қыркүйек 2024 13:38

Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Еуроодақтың тыйымы 2035 жылы енгізіледі. Бірақ Италия мұны дереу қайта қарауды ұсынды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Италия билігі Еуропалық одақтың іштен жанатын қозғалтқыштарға негізделген (жанармаймен жүретін) көліктерге тыйым салуын «сандырақ» деп атады. Сонымен қатар аталған ел үкіметі еуропалық автомобиль өнеркәсібі алдағы жылдары тоқырауға ұшырауы мүмкін деп есептейді. Бұл туралы Motor1.com басылымы жазды.

ЕО 2035 жылға қарай іштен жанатын қозғалтқыштармен жүретін автокөліктер сатуға тыйым салды. Мәселе 2026 жылға қарай қайта қаралуы тиіс. Алайда Италия шенеуніктері 2026 жылы емес, бұл тыйымды дереу қайта қарау керек деп есептейді.

Италия билігінің пайымынша, ЕО-ның барлық 27 елін алдағы жылдары тек электромобильдер сатуға мәжбүрлеудің орнына, мүше мемлекеттерге бұл мәселеде көбірек еркіндік беру керек. Себебі 10 жылда «жасыл» көліктерге бірден ауысу мүмкін емес.

Соңғы бірнеше айдың ішінде көптеген еуропалық автоөндіруші электр көліктерге қатысты жоспарларын түзетіп отыр. Кейбір диллерлер гибридтерді өндіруге көшті. Мысалы, Volvo 2030 жылға қарай бензинмен жүретін көліктерді сатуды тоқтата алмайтынын айтты. Mercedes, Porsche, Bentley және Ford сияқты компаниялар бұрын хабарланғандай, тек электромобильдерге көшетініне енді сенімді емес.

Көптеген ел электр көліктерін сатып алуға субсидияларды азайтады немесе алып тастады. Соның салдарынан электромобильдерге сұраныс бәсеңдеп барады. Еуропалық автомобиль өндірушілер қауымдастығының мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы алты айында электр көлігі нарығының үлесі 12,5%-ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға аз.

Еске сала кетсек, Еуропалық одақ Қытайдан әкелінетін электромобильдерге уақытша баж салығын енгізген еді.

Қытайда шілде айында электромобильдер мен гибридті көліктер (NEV) дәстүрлі көлік құралдарымен тең көлемде сатылған. Солайша бұл нарық бойынша рекорд орнатқан.

Сондай-ақ оқыңыз