Қазақстан аймақтарындағы кинотеатрлар 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 5,5 млрд теңге жинады. Бұл сегіз жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Аймақтағы көрермендер қандай фильмдерді жақсы көреді және кинотеатрға қаншалықты жиі барады? Бұл тақырыпты «Курсив» тілшісі зерттеді.
Кинотеатрлар кірісі 70%-ға өсті
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы жалпы кинотеатрлар табысындағы облыстардың үлесі 18,5%-дан 33,8%-ға өсті. Өңірлердегі кинотеатрлар 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 5,5 млрд теңге жинады. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға артық (3,2 млрд теңге) және 2016 жылдан бергі ең жақсы нәтиже (мұндай статистика осы кезеңнен бастап жүргізіле бастады).
Статистика бойынша, бір жыл ішінде кино билеттері орта есеппен 10%-ға қымбаттаған. Осы орайда өңірлердегі тұрғындар кинотеатрларға жиі баратынын байқауға болады.
Кинопрокат нарығының дәстүрлі көшбасшысы Алматы қаласы
Мегаполис кинозалдары әртүрлі кезеңдерде еліміздегі барлық кинотеатр табысының 40-тан 60%-ға дейін үлесін құраған. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматыда 39,6%. Екінші орында Астана (26,6%), үшінші орында Шымкент (6,8%).
Алты айдың қорытындысы бойынша өңірлер арасында Ақтөбе (4,9%), Қызылорда (3,2%), Қостанай және Павлодар (әрқайсысы 2,5%) облыстары көш бастап тұр. Ал Шымкент (жылдық үлестің өсімі 3%-дан 6,8%-ға дейін), Түркістан (жылына 0,1%-дан 1,6%-ға дейін) және Ақтөбе (жылына 0,1%-дан 4,9%-ға дейін) облыстарының тұрғындары кинотеатрға жиі бара бастаған.
Өңірлердегі кино саласы қалай дамып жатыр?
Өңірлерде кино бизнесін бірінші кезекте жеке ойыншылар дамытып жатқанын байқауға болады. Мәселен, Sary Arka Cinema кинотеатрлар желісі (Қарағандыда үш кинотеатры бар) аймақтық көрсеткіштердің арту себебін атады. Тұтастай алғанда компания мұны ел аймақтарының экономикалық дамуымен, сондай-ақ халықтың ішкі көші-қонымен (ауылдардан аудан орталықтарына) байланыстырады. Кинотеатрлар желісі жалпы келушілер санының өзгермегенін айтады. Алайда статистикадан осы кезеңде Қарағанды облысы тұрғындарының саны 2%-дан 2,4% дейін 0,4 пайыздық тармаққа өскенін байқаймыз.
Кинотеатрлар карантиндік шектеулерден кейін қалпына келді деп айтуға болады. Нарық 2022 жылы пандемияға дейінгі 20 млрд теңге көрсеткішке жетті. Ал 2023 жылдың соңында нарық 34 млрд теңгеге дейін өсті.
«Галактика» кинотеатрының директоры Дмитрий Евченко (кинотеатр Оралда 2009 жылдан бері жұмыс істейді) атап өткендей, пандемиядан кейін облыс кинотеатрларының табысы 70% артқан. Залдардың толу деңгейі 2018–2019 жылдармен салыстырғанда орта есеппен 20%-ға өсті.
Аймақтағы көрермендер қандай фильмдерді таңдайды?
Ең алдымен аймақтық көрермендер қазақ комедияларын тамашалауға барады. Бұл туралы нарықтағы ойыншылар хабарлады. Өңірлердегі кинотеатр иелерінің айтуынша, қазақстандық фильмдер өндірісінің артуы (отандық киногерлер арасында әлі күнге дейін комедиялар ең танымал жанр) табыстың артуына әсер еткен негізгі себептердің бірі.
«Соңғы уақытта қазақ киносына деген көзқарастар өзгеріп келеді. Көрермен отандық киноға басымдық береді. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі фильмдерді жақсы көреді», – деп түсіндірді Sary Arka Cinema желісі.
Қостанайдағы Zodiac Cinema кинотеатрының коммерциялық директоры Азамат Рамазановтың айтуынша, қалада қазақ киносын көргісі келетіндердің саны артып келеді.
Бұған дейін Freedom Finance Global компаниясы «Қазақстандықтар бос уақытын қалай өткізеді?» деген тақырыпта зерттеу жүргізген еді. Зерттеу барысында бос уақыт өткізудің кең таралған түрі – киноға бару екені белгілі болды.
Кинотеатрға респонденттер қызықты фильм көру (54,6%), достарымен (37,6%) немесе балаларымен (26,7%) уақыт өткізу үшін барады. Бұл ретте орташа шығын көлемі – 2,5 мың теңгені құрады.