Илон Масктың SpaceX компаниясы экипажы қарапайым адамдардан құралған ғарыш кемесін ұшырды

Жарияланды 12 Қыркүйек 2024 16:58

(жаңартылды 12 Қыркүйек 2024 17:36)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
SpaceX қарапайым адамдарды ғарышқа ұшырды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

SpaceX компаниясы экипажы қарапайым адамдардан құрылған ғарыш кемесін ұшырды деп хабарлайды New York Times.

Шетел басылымның мәліметінше, экипаж құрамында Polaris Dawn миссиясының жетекшісі инвестор, миллиардер Джаред Айзекман. Одан бөлек АҚШ әскери-әуе күштерінің отставкадағы подполковнигі Скотт Потит, SpaceX-тің ғарыш операциялары бойынша жетекші инженері Анна Менон және компанияның астронавттарды даярлау жөніндегі маманы Сара Гиллис бар.

Бес күндік жеке миссия барысында қатысушылар Жерден 1400 км қашықтыққа дейін ұшпақ. Бұл қашықтыққа соңғы рет 1975 жылы аяқталған АҚШ-тың «Аполлон» ғарыштық бағдарламасы аясындағы Айға ұшу миссиялары кезінде барған еді. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, халықаралық ғарыш станциясы шамамен 400 км қашықтықта орналасқан.

Сонымен қатар ғарышқа ұшқан экипаж мүшелері SpaceX-тің Ай мен Марсқа жоспарланған миссияларына арналған жаңа скафандрларды сынақтан өткізеді. Компанияның мәліметінше, жаңа скафандр алдыңғы үлгілермен салыстырғанда астронавттарға еркін қозғалуға мүмкіндік береді, ал оның бас киіміне дисплей мен камера орнатылған.

Сондай-ақ астронавттар ғарыштық ұшу мен ашық ғарыштағы радиацияның адам денсаулығына әсері туралы 36 ғылыми эксперимент жүргізеді. Олар Starlink спутниктік жүйесінің лазерлік байланыс технологияларын сынақтан өткізбек.

Еске сала кетейік, бұған дейін ғарышта қалып қойған екі америкалық австронавт Суни Уильямс пен Бутч Уилмор Жерге SpaceX кемесімен тек келесі жылы ғана оралатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз