Жаңалықтар

Үкімет жанындағы жобалық кеңсе Алатау қаласына инвестиция тарту мәселесін талқыламақ

Алатау бас жоспары дайын / Фото: Shutterstock

Алатау қаласының құрамында 12 шағын аудан болады. Қаланың бас жоспары бекітілген. Жаңа қалада 54 мың адам мекендейді. Жалпы ауданы 88 мың гектар болмақ.

Алатау қаласын дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңесте аталған қала әкімі Әркен Өтенов логистика, медицина және тамақ өнімдері салаларындағы жобалар жөнінде айтты.

«6 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 12 инвестициялық жоба үшін жер учаскелерін Арнайы экономикалық аймақтың қарамағына беру жоспарлануда. Сондай-ақ 5,8 мың га аумақта негізгі ірі жобалар орналасатын болады. Оларды құру және инвесторларды тарту үшін бірқатар рәсімдердің мерзімін қысқарту қажет», – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Вице-Премьер Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен Үкімет жанынан жобалық кеңсе құрылады. Кеңсе инвестиция тарту мәселесіне ықпал етпек. Қаланы дамыту үшін жобалау-сметалық құжаттама, салалық инфрақұрылымдық схемалар дайындалады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 9 қаңтарда Алматы облысының аумағындағы Жетіген ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы жарлыққа қол қойды. Ауыл Алатау қаласы болып өзгертілді.

Кейінірек Ұлттық экономика министрлігі ауылдың қала мәртебесін не үшін алғанын түсіндірді. Бұл жолдарды, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жаңғыртуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға, инвестициялар, технологиялар мен қосымша қаржы қаражаттарын тартуға мүмкіндік береді.

Алатау Алматы қаласының солтүстігіне қарай орналасқан. Бұл орын Алматы қаласын «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығымен (Қытай) байланыстыратын маңызды дәліз саналады.