Жаңалықтар

Димаштың концертіне келген шетелдіктер Астананың тазалығы мен әдемілігіне таңғалды

Димаштың концертіне келген шетелдіктер Астанаға таңғалды / Фото:kursiv.media

Димаш Құдайбергеннің концертіне келген шетелдіктерді қазақстандықтардың қонақжайлылығы, тазалығы мен Астананың сұлулығы таңғалдыруда. Бұл туралы Астана әкімдігі ресми парақшасында жариялады.

Эстониялық Маргид есімді қонаққа Астананың үлкендігі мен сұлулығы ерекше ұнаған.  

«Мен Димашты 2018 жылдан бері тыңдаймын» деген қонақтың айтуынша Эстонияда көп нәрсе шағын, кішірек. Ал Қазақстан өзінің ауқымымен, әдемілігімен естен кетпес әсер сыйлаған.

Грэйс есімді Қытай азаматы Қазақстан астанасы әдемілігі, тазалығымен ерекше таңқһғалдырғанын айтады.

«Астаналықтар қонақжай, дос көңілмен қарсы алды, қаланың өзі тек жағымды әсер сыйлады», – дейді қытайлық қонақ.

Ең қызығы концерт біткен соң, жанкүйерлер стадионды тазалап кеткен.

«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрермендері мен қонақтары Димаш Құдайбергеннің «Астана Арена» стадионындағы концертінен кейін, стадионды қоқыстан тазартты», – деп жазады Астанада әкімдігі ресми парақшасында жарияланған видеода.

Әкімдіктің хабарлауынша, шетелдік қонақтарды жанкүйерлердің белсенділігі, саналы көзқарасы таңғалдырған.

Айта кетейік, 13 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында отандасымыз Димаш Құдайбергеннің STRANGER атты жеке концерті өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әншінің концертіне Эстония, Аргентина, Швейцария, Парагвай, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция, Испания, Польша, Беларусь, Ирландия, Чехия, Венгрия, Финляндия, Өзбекстан, Германия, Норвегия, Түркия, барлығы 80 елден 10 мыңнан астам қонақ келген. Олардың көпшілігі Dears деп аталатын жанкүйерлер тобы. Мұндай жанкүйерлердің ең көбі Қытайда, бұл жолы да көрші елдегі фан-клубынан 100-ден астам адам келген.