Қазақстанда электромобильдер саны 2,3 есе артты. Олардың жартысынан көбі Алматыда тіркелген

Жарияланды 16 Қыркүйек 2024 18:33

(жаңартылды 17 Қыркүйек 2024 09:53)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Қазақстанда электромобильдер саны 10 674 бірлікке жетті / Фото: kursiv.media және shutterstock

Қазақстанда тоқпен жүретін жеңіл автомобильдер саны 10 674 бірлікке жетті. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе жоғары. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

2023 жылдың осы кезеңінде елді 4 670 «жасыл» көлік тіркелген еді.

Бұл ретте электр көліктерінің басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген. Елдің қаржы орталығының көшелерімен бүгінде 6275 бірлік эко көлік жүйіткіп жүр. Одан кейінгі орында Астана қаласы. Елордада 1351 бірлік электромобиль тіркелген. Үздік үштікті Алматы облысы қорытындылайды. Мұнда 522 бірлік тоқпен жүретін жеңіл көлік бар.

Жалпы республикада 2024 жылғы шілдеде 156,8 мың бірлік автокөлік есепке қойылды,. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4% төмен.

2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөліктер саны 5 545,2 мың бірлікті құрады.

Оның ішінде:

  • 88% – жеңіл автомобильдер;
  • 9,9% – жүк автомобильдері;
  • 2,1% – автобустар бар.

Қазақстанда бұрынғыдай ескі көліктер көп. Бұл ретте статистика аздап жақсарып келеді. Яғни, шығарылғанына 20 жылдан асқандар көліктер үлесі – 44,2%. Одардың дені Алматы облысында, Алматы қаласында және Жамбыл облысында тіркелген.

Еске сала кетсек, «Курсив» Қазақстан нарығындағы ең сенімді қытайлық көліктердің үштігін атады.

Сонымен қатар электрокар иелері салық пен утиль алымын төлемейді және басқа да артықшылықтарға ие болды.

Заң жобасына сәйкес көлік құралдарының түрлерін заңнамалық деңгейде сәйкестендіру үшін «гибридті автомобиль» және «электромобиль» ұғымдары енгізіледі. Электромобильдер тұрақ пен паркингтерде арнайы орындарымен қамтамасыз етіледі, ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады.

Сондай-ақ оқыңыз