Ақбота Керімбекова мен ұлттық арна дауға қалды: әнші «Жұлдызды жұп» жобасында қала ма?

Жарияланды 16 Қыркүйек 2024 14:51

(жаңартылды 17 Қыркүйек 2024 10:38)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Ақбота Керімбекова «Жұлдызды жұп» / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Танымал әнші Ақбота Керімбекова Qazaqstan ұлттық арнасының «Жұлдызды жұп» бағдарламасының продюсері Динара Адамнан қорлау сөз естігенін айтып, Ұлттық арнаның басшылығына өз Instagram парақшасында үндеу жариялады.

Әншінің айтуынша «Жұлдызды жұп» атты жаңа жобаның ұйымдастырушылары оған Астанадан SAAD қонақ үйінде бөлме дайындап, сол жаққа орналасуын сұраған. Алайда әнші Алматыдан Астанаға ұшып келген күні қонақүйде бөлме бос болмаған.

Ақбота Керімбекова бірден жауапты қыздарға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, өзінің қатты ауырып келгенін, мәселені тезірек шешуін сұраған. «Басқа жерге ауыссаңыз» дегендеріне көшіп-қонып жүруге шамасының болмай тұрғанын айтып, сәл назын жеткізген.

Бір кезде аты-жөні жоқ, жоба продюсері, «әйгілі» Динара Адам хабарласып, жекіп, «я устала уже от всех этих капризов, все ваши капризы у меня выше головы стоят. Хочешь, уходи на х*р из этого проекта», – деді. Дәл осылай!», – деп жазды Керімбекова.

Сондай-ақ әнші бұл жоба үшін гонорар да алмайтынын айтып өтті.

«Жеке өзіме бұл жоба түк те қызық емес, тек «мен болмасам, кім? Өз авторларымның туындылары халыққа жете берсін. Жасымды, жолымды пұлдап мен қатыспасам, менің орыныма шөпті де, шөңгені де өлең ғып жүрген біреу табылады ғой» деген оймен шақыруларына келісім бергем. Бұған дейін бұл жобадан, бұл продюссерлік құрамнан бір тиын гонорар да алып көрмегем. Өзге елден келетін «әйдік» әншілердей райдер де қоймаймыз. Қарапайым күтіп алу әдебін сақтаса, менің бұларда нем бар? Сонысымен қоймай, анадай сөз айтады!.. Бұл кім сонда?!», – деді әнші.

«Жұлдызды жұп» жобасы мен Ақбота Керімбекова арасында болған жағдайға Qazaqstan ұлттық арнасы да жауап берді.

«Qazaqstan» телеарнасының жаңа маусымдағы жобаларының бірі «Жұлдызды жұп» бағдарламасының түсірілімі қарсаңында қатысушылар орналасатын қонақүй нөмірін алдын ала рәсімдеуде қателік кеткен. Нақтырақ айтқанда, әнші Ақбота Керімбекова келіп түскен қонақүйде оған арналған нөмір бос болмай шыққан. Ұйымдастырушылар тарапынан мәселе шешімі ретінде бірден өзге бірнеше қонақүйден нөмір таңдау ұсынылды, бірақ әнші одан бас тартты,» – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Qazaqstan телеарнасы Ақбота Керімбекова мен әншінің ұлы Біржан Шалқардың жобаға қатысқанын қалайтынын жазды.

Сондай-ақ оқыңыз