Алматыда екі оқушы терезеден құлап кетті: полиция тергеу жұмыстарын бастады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Алматыда екі мектеп оқушысы терезеден құлады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Әлеуметтік желілерде қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде екі оқушы терезеден құлап, қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Алматы қаласының полиция департаменті бұл ақпаратты растады.

Куәгерлер тұрғын үй маңындағы асфальттан мектеп оқушыларының денесін тауып, төтенше жағдайлар қызметіне хабарлады. Жедел жәрдем дәрігерлері мен полиция қызметкерлері оқиға орнына келді.

Алматының полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша Алмалы ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.

«Бұл дерек бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.
Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталуда», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2023 жылы елімізде 1093 бала ауыр жарақат алса, биыл 7 ай ішінде 165 бала бақилық болды. Жеткіншектердің 20%-ы жазатайым оқиғалардан көз жұмады. Мамандар мұның бірден-бір себебі ата-аналардың назары бүлдіршіндерде емес, үнемі смартфонда болуының әсерінен екенін айтады.

Денсаулық сақтау министрлігі балалар арасындағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептерін атады.

Министрліктің мәліметінше балалардың терезеден құлау оқиғалары өсті. Терезеден құлап кету фактісі соңғы үш жылда 1,6 есеге артқан. Мәселен, биыл 6 ай ішінде елде 223 бала терезеден құлап, оның 12-сі көз жұмған.  

Сондай-ақ оқыңыз