SpaceX компаниясының қарапайым адамдардан құрылған ғарыш кемесінің экипажы жерге сәтті оралды
SpaceX компаниясының Polaris Dawn ғарыш кемесінің экипажы бес күндік тарихи миссиядан кейін жерге сәтті оралды. Dragon капсуласы АҚШ-тың Флорида жағалауына қонды және бұл сәтті SpaceX тікелей эфирде көрсетті.
NASA-ның айтуынша, бұл миссия коммерциялық ғарыш индустриясы үшін «үлкен серпіліс» болды. SpaceX негізін қалаған Илон Масктың арқасында ғарышты зерттеуде жаңа дәуір басталып, жеке тұлғалардың ғарышқа шығуына мүмкіндік пайда болды.
Төрт адамнан тұратын экипажды қаржыландырып, басшылық еткен миллиардер Джаред Айзекман ғарышқа соңғы 50 жылдағы ұшқан астронавтардан да үлкен қашықтыққа жетті. Экипаж құрамында АҚШ Әскери-әуе күштерінің зейнеттегі пилоты Скотт Потит, сондай-ақ SpaceX қызметкерлері Сара Гиллис пен Анна Менон болды.
Айзекман мен Гиллис тарихта алғаш рет кәсіби емес ғарышкерлер ретінде ашық ғарышқа шықты.
Айзекман ашық ғарышта жүріп, Калифорниядағы Хоторн қаласындағы диспетчермен сөйлесіп: «Үйде бізді көптеген жұмыс күтіп тұр, бірақ мұнда бәрі мінсіз көрінеді», – деді.
Бес күн ішінде ғарышкерлер ғарыштық ұшу мен адам денсаулығына әсерін зерттеу, сондай-ақ Dragon кемесі мен SpaceX компаниясының Starlink жерсерігі арасындағы спутниктік лазерлік байланысты сынау сияқты 40-тан астам эксперимент жүргізді.
Cондай-ақ Сара Гиллис музыкалық білімі бар скрипкашы ретінде өзімен бірге аспабын ала келіп, «Звездные войны» фильмінің саундтрегін орындады. Оның орындауын Starlink спутнигі арқылы Жерге тікелей эфирде жіберілді. Бұл спутниктік желінің ғарышта байланыс қамтамасыз ету әлеуетін тексеру мақсатында жасалды.
Бұл миссия тағы бір тарихи оқиғамен есте қалды: ғарыш кемесі максималды 1400 км биіктікке жетті. Осы биіктікке соңғы рет 1972 жылы Apollo миссиясы шыққан болатын.
Polaris Dawn — Айзекман мен SpaceX компаниясының бірлескен жобасы аясындағы үш жоспарланған миссияның алғашқысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін ғарышта қалып қойған екі америкалық австронавт Суни Уильямс пен Бутч Уилмор Жерге SpaceX кемесімен тек келесі жылы ғана оралатыны туралы жазған едік.