Halyk Bank 300 млн доллар сомаға синдикатталған несие алу туралы келісімге қол қойды. Ол екі транштан тұрады: біреуі – бір жылға, екіншісі – үш жылға.
Бұл мәміле Halyk-тің 2008 жылдан бері алғаш рет халықаралық синдикатталған несие нарығына оралуғанын көрсетеді. Тартылған кредиттік қаражаттар банктің жалпы корпоративтік мақсаттарын қаржыландыруға бағытталады және тартымды шарттармен қаржыландыру көздерін қосымша әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Алғашында синдикацияға 200 млн доллар ұсынылған еді. Алайда инвесторлар тарапынан жоғары сұраныс болғандықтан, бұл сома 300 млн долларға дейін ұлғайтылды. Синдикатталған қарызға Солтүстік Америка, Еуропа, Таяу Шығыс және Азиядан 12 банк қатысты.. Бұл халықаралық синдикатталған несие нарығындағы ойыншылардың Halyk Bank-тің қаржыландыру мақсаттарына жоғары қызығушылығын көрсетеді. Бұл мәміле соңғы 15 жылдағы Қазақстанның коммерциялық банктері үшін халықаралық синдикатталған несие нарығындағы алғашқы мәміле және оған ерекше мәртебе береді.
Мәміленің уәкілетті жетекші ұйымдастырушылары – Citi, Abu Dhabi Commercial Bank PJSC және Commerzbank Aktiengesellschaft болды.
«Банк үшін өте табысты болған келісімге қол қойылғанын хабарлаймыз. Жетекші және қарқынды дамып келе жатқан қаржы ұйымы ретінде бізге қаржыландыру көздерін әртараптандыруды жалғастыру өте маңызды. Бұл мәміле – осы процестегі маңызды қадам және банктің несие көрсеткіштерінің сенімділігінің кезекті растамасы. Әлемнің түкпір-түкпірінен бірінші деңгейлі инвесторлардың Halyk қызметіне және одан әрі дамуына деген жоғары қызығушылығын ерекше атап өткім келеді», – деді Halyk басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Halyk Bank-тің таза пайдасы 2,2%-ға артып, 379 млрд теңгені құрады.
Банктің негізгі акционерлері – Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Олар ALMEX холдингі арқылы қаржы ұйымының 56,4%-ына иелік етеді. 23,14%-ы номиналды ұстаушы және Лондон қор биржасында сатылатын депозитарлық қолхаттарды шығаратын Bank of New York-ке тиесілі.