Немістің үш ірі банкі Қазақстандағы жобаларды дамытуға инвестиция салады. «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Deutsche Bank, Landesbank Baden-Württemberg (LBBW)және KFW IPEX Bank сынды қаржы институттарымен 3 құжатқа қол қойды. Соның негізінде Deutsche Bank – 200 млн доллар, ал LBBW мен KFW IPEX Bank 100 млн еуродан бөледі. Бұл туралы ҚДБ баспасөз қызметі хабарлады.
Deutsche Bank инвестициялайтын 200 млн доллар (шамамен 96 млрд теңге) Қазақстандағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Ал LBBW бөлетін 100 млн еуро (53 млрд теңге) экспорттық мәмілелерге жұмсалса, KFW IPEX BANK-пен негіздемелік келісім аясындағы инвестиция Қазақстандағы инфрақұрылым және өнеркәсіп жобаларын қолдауға бағытталады.
ҚДБ басшысы Марат Елібаевтың айтуынша, жасалған келісімдер Қазақстан экономикасының негізгі салаларын дамытудың жаңа тынысын ашады.
«Инвестицияларды тарту инфрақұрылым мен өнеркәсіпті қоса алғанда, экономиканың негізгі секторларын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарын ашады және елдің экспорттық әлеуетін нығайтады», – деп атап өтті ҚДБ басшысы Марат Елібаев.
Бұл құжаттарға Германияның Федералды канцлері Олаф Шольцтың ресми сапары аясында өткен Қазақстан-Германия бизнес-форумында қол қойылған.
Канцлер Олаф Шольц 16 қыркүйекте Қазақстанға ресми сапармен келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Канцлері Олаф Шольц қатысқан бизнес форум аясында маңызды құжаттарға қол қойылды.
Сондай-ақ Германия компаниясы Жетісуда жаңа әуежай салуға бастапқыда 500 млн доллар жұмсауға дайын екені белгілі болды.