Жаңалықтар

Дивидендтер төлеу және акциялар құнын арттыру бойынша салық жеңілдіктері алынбайтын болды

Фото: shutterstock

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин дивидендтер төлеу және акциялар құнын арттыру бойынша салық жеңілдіктері алынбайтынын мәлімдеді.

«Мұндай ұсыныс болған. Талқылау барысында бұл мәселе көтерілген. Бірақ парламентке өткен заң жобасында мөлшерлеме 10% деп көрсетіліп отыр. Басында мөлшерлемені бес пайызға дейін азайтамыз деп ойлағанбыз», – деді Азамат Әмрин.  

Ұлттық экономика вице-министрі талқы кезіндегі салық жеңілдігінің негізгі мәнін түсіндірді. Мөлшерлеме төмендегенімен, барлық жеңілдік қысқартылуы тиіс болған.

«Өкінішке қарай, барлық жеңілдікті алып тастай алмаймыз. Бізде KASE, Астана хаб және басқа да құралдар да бар. Соның аясында босату (салықтан) қарастырылған. Бұған қатысты заңнамалар бар. Сондықтан оларды қысқарта алмаймыз. Осыған орай, 10%-дық мөлшерлеме белгіленді. Десе де бізде 10 миллионға дейінгі дивидендтерді (салықтан) босату көзделген», – деді вице-министр.

Баяндамасында кен орнындарында салықтан үнемделген қаржыны инвестицияға және босатылған қаражатты дивидендтерге емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлу жөніндегі қарсы міндеттемелер бекітілетінін айтты.

Мұның алдында Қаржы министрлігінің бизнеске берілетін салық жеңілдігін қайта қарайтыны туралы жазғанбыз.