Жаңалықтар

Грузия парламенті ЛГБТ насихатына қарсы заңды қабылдады

Грузия парламенті ЛГБТ насихатына қарсы заң жобасын мақұлдады/ Фото: shutterstock

Грузия парламенті соңғы оқылымда ЛГБТ насихатына және азаматтардың жынысын ауыстыруға тыйым салды. 84 депутат жобаға бірауыздан дауыс берді, оппозициялық партиялар дауыс беруден бас тартты. Бұл жөнінде шетелдік ақпарат құралдары жазды.

Бүгін соңғы оқылымда қабылданған түзетулер бойынша бір жынысты некеге, гомосексуалдардың бала асырап алуына және трансгендер болу үшін ота жасатуға тыйым салады. Енді заңға Грузия президенті Саломе Зурабишвили қол қоюы керек.

Биліктегі «Грузин арманы» партиясы ЛГБТ насихатына қарсы заң жобасын ұсынды. Қауымдастықтың жауапты хатшысы Мамука Мдинарадзе «№1 ата-ана» және «№2 ата-ана» ұғымдарын таңатын, сондай-ақ балалардың жынысын өздері таңдауын жақтайтын «псевдолибералдарды» айыптады.

Қазақстанда да осы бағытта бастамалар аракідік ұсынылады. Мәжілістегі Amanat фракциясының депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжан «Масс-медиа туралы» заңға түзету енгізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына «ЛГБТ өкілдері туралы жазуға» тыйым салуды ұсынды. Екінші оқылымда жобаға «ЛГБТ насихаттау» туралы түзетулер енгізілген жоқ.