Жаңалықтар

Қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау басталды: епке тек ата-ана рұқсатымен салынады

11 жасқа толған қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салына бастайды / Фото: elements.envato.com, halfpoint; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

11 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина тек ата-анасының рұқсатымен салынады. Бұл жайлы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева айтты.

«Екпе салу тек ата-ана рұқсатымен жүргізіледі. Медициналық қызметкер баланың денсаулығын тексеріп, қарсы көрсетілім болмаса ғана салады», – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, жатыр мойны обырының алдын алу үшін елімізде оқушы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинациялау басталды. Бұл екпе 11 жастағы қыздарға жоспарлы тәртіппен салынады. Ал 12-13 жастағы қыздарға иммундау жүргізіледі.

Әзімбаеваның айтуынша, вакцина АҚШ-та өндірілген. ДДҰ мәліметі бойынша аталмыш вакцинаның 270 млн дозасы салынған. Сол 270 млн жағдайдың ешқайсысында ауыр реакция берген жағдайлар тіркелмеген.

«Әлемнің 135 мемлекеті адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаны алып жатыр. Соның 60 пайызы осы америкалық компанияның төрт валентті вакцинасын пайдаланады».

Басқарма басшысы вакцина салғаннан кейін, оның кері әсері болуы мүмкін екенін айтады. Олар:

  • дене қызуының көтерілуі;
  • вакцина салған жерде бұлшықеттің ауырсынуы;
  • вакцина орнының ісіп, қызаруы сынды реакцялар.

«Сонымен бірге анфилаксиялық шоқ беруі мүмкін. Бірақ бұл аллергия түрі, ондайда кез-келген препаратқа рекация беріп жатады. ДДҰ мәліметінше, 270 млн доза вакцинадан кейін ешқандай ауыр реакциялар тіркелмеген. Бізде де вакцинациялау кезінде ауыр реакциялар бермейді деп сенем», – деді Әзімбаева.

Еске сала кетсек, Үкімет адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға резервтен 9,7 млрд теңге бөлді. Сол кезде 351 мыңнан астам доза мөлшерінде вакцина сатып алынатыны хабарланды. Бұл вакцина 11 жастан асқан қыздарға 6 ай аралық мерзіммен екі рет салынады.

Жалпы елде 175 мың қыз балаға жатыр мойны обырына қарсы екпе салу көзделіп отыр.