Жаңалықтар

Тимур Құлыбаев ҚазҰУ жері үшін Алматы әкімдігінен 30 миллиард теңге өтемақы талап етіп отыр – депутат

Құлыбаев шығындарын Алматы әкімдігінен өндірмек / Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбаев ҚазҰУ аумағындағы жер теліміне салынып жатқан бизнес-орталық үшін Алматы қаласы әкімдігінен 30 миллиард теңге өтемақы төлеуді талап етіп отыр.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек депутаттық сауалында айтты.

«Әл Фараби атындағы ҚазҰУ жерін қайтару ісі бойынша сот шешімімен Тимур Құлыбаев бизнес-орталық құрылысын салмақ болған жерінен айырылды. Енді ол Алматы әкімдігіне 34 млрд теңге болатын шот ұсынып отыр. Соттан ұтылған компания бизнес-орталық құрылысына заңсыз салған салымын өндіріп алғысы келеді. Бұдан былай барлық жерде, әкімдіктер жер телімдерін заңсыз берген барлық жобаға қатысты осылай болады», – деді Бақытжан Базарбек.

Ол жергілікті атқару органдары мен прокуратураның жүйесіз жұмыс істеп жатқанына қынжылыс білдірді. Депутаттың пікірінше, әр әкімдікте жер телімдерін бөліп бергенде сыбайластық схема көрініс табады. Мұның ақыры жақсылыққа әкелмейді. Заңсыз шешімнің бағасы өте қымбатқа түсуі мүмкін. Заңсыз жер телімдеріне қатысты кезінде шығарылған шешімдер шенеуніктердің үстінен құны миллиардтаған ақша болатын шағым түсірілуі мүмкін.  

Бақытжан Базарбектің баяндамасында Үкіметтің вице-премьері Нұрлан Байбазаровтың кәсіпкерлерден түскен арыз өтінішінен кейін, негізсіз хаттамалық шешім шығарғаны айтылады.

Депутаттың дерегінше, 55 мың гектар аумақтағы 72 жер бойынша жер иелері инспекторлардың заңды талабын орындамаған. 47 мың гектар болатын 263 жер бойынша материалдар сотқа жіберілген. Ал 20 мың гектар болатын 136 жер бойынша іс сотта қаралып жатыр.

Оның тұжырымдауынша, заңсыз берілген жерлерді қайтару бойынша президенттің ұстанымын және заңдарды қатаң сақтау керек.

Мұның алдында Құлыбаевтың компаниясы соттан жеңілсе де, ҚазҰУ-дың жерінде бизнес-орталық салып жатқанын жазған болатынбыз.