Жаңалықтар

Жауапкершілігі көлік жүргізушілерімен теңестіріледі – Үкімет мопед иелеріне салынатын айыппұл көлемін арттыруды көздеп отыр

Мопед айдайтындар жол ережесін бұзғаны үшін қарапайым жүргізушілермен тең дәрежеде айыппұл төлеуі мүмкін / Фото: kolesa.kz; коллаж, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мопед айдайтындар жол ережесін бұзса, дәл көлік жүргізушілері секілді жауапқа тартылады. Бұл жайлы Сенатта жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелерін талқылау кезінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.

Игорь Лепеха мопедтерді мемлекеттік тіркеуден өткізу жұмыстарын тездетіп қолға алу қажет екенін айтты. Себебі бүгінгі күні «Сергек» камералары да, басқа да тәсілдер мопед жүргізушілерінің жол қозғалысын реттей алмай отыр. Айтуынша, елде 80 мың мопед бар. Барлығының мемлекеттік тіркеуі жоқ. Мопед тебетіндер күн санап көбейіп келеді. Ал бұл көлік құралдарының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санының артуына әкеліп отыр.

«2023 жылдың 12 айында мопедтердің қатысуымен 750 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда 730 адам жарақаттанып, 39 адам қаза тапты. Ал 2024 жылдың 8 айында мұндай көлік құралдарының қатысуымен 962 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл апаттардың салдарынан 48 адам қаза тауып 1024 адам жарақат алды», – дейді министрлік өкілі.

Вице-министр жаңа заң талаптарына сәйкес, мопедтерге тротуармен жүруге тыйым салынғанын, солайша олардың жүргізушілері толыққанды көлік қозғалысының қатысушыларына айналғанына тоқталып өтті. Яғни олар жалпы заңда көрсетілген жол ережесіне бағынуы керек. Осы орайда вице-министр мопед иелерін де көлік жүргізушілерімен тең дәрежеде жауапкершілікке тарту керек екенін айтты.

«Олар міндетті түрде жүргізуші куәлігін алып, мемлекеттік тіркеуден өтуі керек. Арнайы тіркеу нөмірі берілген соң, мұндай жүргізушілерді «Сергек» камералары көретін болады. Жаңа заңға сәйкес мопед механикалық көлік құралдарына жатқызылды. Сәйкесінше, олардың жауапкершілігі де артады. Қазір олар жол ережесін бұзса, небәрі 2 АЕК көлемінде ғана айыппұл төлейді. Мәселен, мас күйінде мопед жүргізген адам 2 АЕК төлеп жауапкершіліктен құтылып кетеді. Ал мас күйінде көлік жүргізген адам қамауға алынып, әкімшілік жазаға тартылады. Оған қоса жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылады. Сондықтан мопед айдаушылардың жауапкершілігі теңестіріледі», – деді ол.

Сонымен бірге депутаттар министрліктің тротуарлармен жүретін электросамокаттардың қозғалысы мен жылдамдығын қалай қадағалайтынын сұрады.

Министрлік өкілі олардың жылдамдығын қадағалау шэрингтік компаниялардың жауапкершілігінде екенін айтты. Өйткені самокаттардың жылдамдығын есептейтін құрылғы жоқ. Десе де заң күшіне енген 1 қаңтардан бастап, 30 мың самокат айдаушы жауапқа тартылған. Ал самокатты жалға беретін компаниялардың жол қозғалысын реттеуде белсенділік танытпай отыр екен.

«Самокаттарды жалға беретін компаниялардың жол қозғалысын реттеу мақсатында қандай шаралар қолданып жатқаны белгісіз. Олардың арнайы тұрағы жоқ. Ерекше аймақтарда да олардың жылдамдығы шектелмей отыр», – деді Лепеха.

Осы орайда Сенат төрағасы бар жауапкершілікті шэрингтік компанияларға жауып, қарап отыруға болмайтынын айтты. Ол компаниялармен Ішкі істер министрлігі жұмыс жүргізуі керек екенін атап өтті.

«Біз заң нормаларын орындалмайтын болса не үшін қабылдадық?! Сондықтан ол компаниялардың өз міндеттерін орындамағанын айтып, жауапкершілікті соларға артып қойып отыруға болмайды. Ол компаниялармен, әкімдіктермен министрлік жұмыс жүргізуі керек. Бұл орайда біз сіздерден нақты шешімдер күтеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Еске сала сала кетсек, мопед жүргізушілеріне көлігін тіркеп, А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуды міндеттейтін заң жобасы осыған дейін Мәжілісте қаралған болатын.