ҚПО Қарашығанақтағы әлеуетті газ өңдеу зауытының бюджетін оңтайландыру жолдарын іздестіруде.
Upstreamonline ҚПО Hyundai Engineering компаниясынан қуаттылығы 4 миллиард текше метр газ өңдеу зауытының құрылысының бюджетін қайта қарауын сұрағаны туралы ақпарат жариялаған. Қазірдің өзінде бұл жоба құны 4 миллиард долларға дейін төмендеді.
ENERGY MONITOR компания қарастырып жатқан тағы бір нұсқа – газды өңдеудің жалпы көлемін азайту деп жазған. «Бұл мәселе ұзаққа созылмауға тиіс. Қазақстанға өзі өндіретін тауарлық газ қажет. Қазір ел экономикасы үшін шикізат қажеттілігіне байланысты Қашағандағы күрделі жөндеу жұмыстарының кейінге қалдырылуы мүмкін деген мәселе де қызу талқылануда», – делінген ENERGY MONITOR телеграм арнасында.
Қыркүйек айында Қарашығанақ кен орында газды кері айдайтын тағы бір компрессор іске қосылды. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, бұл – кен орнындағы бесінші компрессор. Жаңа компрессор газды қабатқа қайта айдау көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндіру деңгейін ұстап тұруға және кен орны жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі кезде Қазақстанда өндіріліп жатқан мұнай қорының қалғаны – 2 млрд 745 млн тонна. Оның 80%-ы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі жобаларға тиесілі.