Жаңалықтар

Алматыда өртенген хостелге қатысты іс сотқа жіберілді: 13 адам қайтыс болған оқиғаға, 2 адам жауапты болмақ

Алматыда өртенген хостел ісі: 2 адам сот алдында жауап береді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Алматыда 13 адам қайтыс болған хостелдегі өртке байланысты істің тергеуі аяқталып, сотқа жолданған. Ақпаратты «Курсивке» қалалық соттың баспасөз қызметі растады. 

Almaty Hostel-дегі өрттің ісі Алмалы ауданының сотына берілген. Сот алдында екі адам жауап береді. Олардың жеке басына қатысты ақпарат әлі шыққан жоқ. Қалалық сот ақпаратына сүйенсек, іске судья әлі тағайындалмаған, заңнамаға сәйкес 5 күннен кейін, істі қарайтын судья мен алғашқы сот отырысына қатысты ақпарат белгілі болады.

«ҚазАқпарат» басылымының материалына сүйенсек, екі азаматқа қатысты тергеу ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі, яғни «өрт қауіпсіздігін бұзу нәтижесінде екі және одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соқтыру» бойынша жүргізілген. Аталған бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың 30 қарашасында Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты. Артынша хостел ғимаратының Халық банкке тиесілі екені хабарланды. Ғимаратты банк қарызын өтемеген бұрынғы қожайындарынан алып қойған. Бұдан бөлек, хостелдің Алматыдағы жоғарғы оқу орындарымен студенттерді орналастыру туралы келісімге келмегені белгілі болды.

Сонымен бірге ғимараттың хостел ретінде заңсыз пайдалануға берілгені анықталды. 

Өз кезегінде ТЖМ өрт болған ғимарат тіркеуден өтпегендіктен, басқарушы органдар оның жұмысы туралы хабарсыз болғанын мәлімдеді.

Оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды.