Жаңалықтар

«Азық-түлік корпорациясы» 2024 жылға астық сатып алу бағасын белгіледі

Астық өнімін қабылдау тарифі қандай? / Архив: kursiv.media

«Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ форвардтық сатып алу бағдарламасы шеңберінде 2024 жылғы астық өнімін қабылдау бағасын белгіледі. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында іске асырылады.

Бұл ретте форвардтық келісімшарт – міндетті мерзімді келісім. Оған сәйкес сатып алушы мен сатушы болашақта белгілі бір күнге келісілген сападағы және көлемдегі астықты жеткізуге келіседі.

Астық өнімін қабылдау бағасы мынадай:

  • Бидай 3 класс (қамырлылығы 27%-дан жоғары) – 100 000 теңге ҚҚС;
  • Бидай 3 класс (қамырлылығы 25%-дан жоғары) – 90 000 теңге ҚҚС;
  • Бидай 3 класс (қамырлылығы 23%-дан жоғары) – 85 000 теңге ҚҚС.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін корпорация белгілеген кәсіпорындар қабылдайды.

Биыл саланы қаржыландыру көлемі рекордтық деңгейге жеткен. 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,1 есе жоғары.

Жыл басынан бері Қазақстан Орталық Азия елдеріне 2,5 млн тонна астық жөнелтті. Оның 1,8 млн тоннасы – Өзбекстанға, 600 мың тоннасы – Тәжікстанға, 100 мың тоннасы – Түрікменстан мен Қырғызстанға экспортталған. 

Қазақстан астық экспорттаушы ел ретіндегі статусынан болашақта айырылып қалуы мүмкін. Оған себеп, соңғы жылдары Қазақстанның экспорттық бағыты азайып кеткен. Мәселен, соңғы 10 жылда Қазақстан 19 экспорттық бағытын жоғалтқан.