Lifestyle

YouTube жаңа авторларды қолдау мақсатында «Хайп» атты функциясын іске қосты

YouTube Hype
фото: tubefilter.com, бильд-редактор Артур Алескеров

YouTube платформасы оқырмандары аз авторларды қолдау мақсатында «Хайп» атты жаңа функцияны таныстырды. «Хайп» функциясы арқылы оқырманы 500 мыңнан аз авторлар өз аудиториясын көбейте алады.

YouTube-тің жаңа «Хайп» функциясы қалай жұмыс істейді?

Hype батырмасы жаңа жарияланған бейнеге лайк басқаннан кейін ғана пайда болады, ал бейне неғұрлым көп «хайп» жинаса, сол бейне топ-100 апталық ең хайпты видеолар қатарына көтеріледі. Бұл функция оқырмандары аз авторлар үшін жаңа бейнелерін кеңінен танымал етуге көмектеседі.

Сонымен қатар пайдаланушылар аптасына үш рет қана «хайп» жасай алады. Апта соңында олар өздері «хайптаған» видеолардың нәтижелерін көре алады. Авторлар «хайп» арқасында қосымша ақша таба алады. Ал болашақта ақылы «хайп» енгізіліп, оның табысы автормен бөлісілмек.

Hype функциясы Trending-ке ұқсас, бірақ басты назар шағын арналарға және пайдаланушылардың ұсыныстарына қойылады. Бұл функцияның пайда болуына YouTube жүргізген сауалнама себеп болған. Әлемнің әртүрлі елдерінен 2500-ден астам көрерменнің 75%-ы, ал Z ұрпағының 80%-ы сүйікті авторларын қолдауға дайын екендерін білдірген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Instagram желісі жасөспірімдер үшін ата-ананың бақылауында болатын арнайы аккаунттарды іске қосатыны туралы жазған едік.

Жаңа ережелерге сәйкес, жасы 16-ға толмаған барлық пайдаланушыға автоматты түрде арнайы «жасөспірімдер аккаунты» беріледі. Ал 13 жасқа дейінгі балаларға Instagram-да тіркелуге мүлдем тыйым салынады.