Абай облысында орналасқан KAZ Minerals компаниясына қарасты Орлов шахтасында апат салдарынан бір адам опат болды. Бұл туралы Топтың баспасөз қызметі хабарлады. Өндіріс орнында тау-кен шахтасы опырылып, екі жұмысшы жарақат алған. Оқиға 19 қыркүйек күні шамамен күндізгі сағат 14.20-да болды.
Дегенмен компания бұл туралы 19 қыркүйек күні кешкі уақытта ғана хабар таратты.
«Алған жарақаттардың салдарынан зардап шеккендердің бірі ауруханада қайтыс болды. Екінші қызметкер медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтты», – делінген хабарламада.
KAZ Minerals Тобы бұл оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын және компания директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук Абай облысына жеткенін хабарлапты. Сонымен қатар хабарламада компания қаза болған қызметкердің отбасының қайғысына ортақ екені және жан-жақты көмек көрсететіні жазылған.
Айта кету керек KAZ Minerals тобы елдегі ең бай кәсіпкерлердің бірі Владимир Ким мен Олег Новачукқа тиесілі. Ким компания акцияларының 63,5%-на ие. Оның байлығы – 4,6 млрд доллар. Компания директорлар кеңесінің төрағасы KAZ Minerals акцияларының 36,5%-ын меншіктеген.
Компанияның 2023 жылғы өндірістік нәтижесіне сәйкес, өткен жылы 403 мың тонна мыс өндіріп, компания тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жеткен болатын.
KAZ Minerals тобы операциялық іс-қызметін Абай облысында орналасқан Ақтоғай және Павлодар облысындағы Бозшакөл ашық кеніштерде жүргізеді. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында үш кеніш пен кен байыту фабрикалары бар. Сонымен қатар, Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде кен өндіреді.