Банк пен қаржы

10 млн теңгеден асатын несие алғысы келетін жеке кәсіпкердің төлем қабілеті тексеріліп, жұбайының келісімі сұралады

Жеке кәсіпкер несие аларда жұбайының келісімі керек пе? / Фото: shutterstock.com

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалар несие рәсімдегісі келсе, жұбайының келісімін алуы қажет. Сонымен қатар 2710 АЕК-тен (10 млн теңге) асатын несие рәсімдейтін жеке кәсіпкердің төлем қабілеті тексеріледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктік және микроқаржы қызметі мәселесі бойынша нормативтік құқықтық актілерге бірқатар түзету әзірлеген.

Агенттіктің «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банктік және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысы 4 қазанға дейін ашық талқыда болады.

Сонымен қатар банктер өз кеңселері және веб-сайттарында қолма-қол ақшасыз төлем бойынша алатын комиссиялары, мөлшерлемесі мен тарифін толық жариялауға міндетті болады.

Одан бөлек, жеке кәсіпкер шағын несиені онлайн рәсімдегенде, ЭЦҚ талап етілмейді. Бұрын мұндай ереже болмаған.

«Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген клиент-жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты микрокредит беру туралы шарт жасасу кезінде, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану талап етілмейді», – делінген қаулыда.

Жеке кәсіпкерлерге шағын несие берер кезде, микроқаржы ұйымы оның төлем қабілетін тексереді. Несие алушы кәсіпкердің табысы тұрақты, төлем қабілеті жоғары болуы шарт. Микроқаржы ұйымы несие берер алдында:

  • қарыз алушының тұрақты және жеткілікті кірісінің болуы;
  • несие берешегінің, оның ішінде басқа кредиторлар алдында берешегінің болуы;
  • борыш жүктемесі;
  • микрокредиттер бойынша төлем тәртібі (кредиттік тарих);
  • микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның скорингтік жүйелеріндегі қарыз алушының рейтингі (бар болса);
  • өзге берешектің болуы;
  • банктік шоттар бойынша қалдықтар мен операциялар (бар болса);
  • ақшаны нысаналы пайдалануы туралы ақпарат;микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімінің болуын ескеруі ескеруі тиіс.

Банктер де дара кәсіпкерлерге 10 млн теңгеден асатын несие бермес бұрын, оларды тіркелген мерзіміне қарай, жеке-дара қарастыруы керек. Кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 6 айдан кем және тұрақты табысы болмаса, оның басқа да кіріс көзі бар екеніне көз жеткізуі керек. Ал 6 айдан аса жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкердің табысы сенімді және несиесін өтеуге жеткілікті болатынын тексеруі шарт. Сонымен қатар банктер дара кәсіпкерге несие берер алдында:

  • несие берешегінің, оның ішінде басқа кредиторлар алдында берешегінің болуын;
  • борыш жүктемесін;
  • қарыздар бойынша төлем тәртібін (кредиттік тарих);
  • банктің скорингтік жүйелеріндегі қарыз алушының рейтингін (бар болса);
  • өзге де берешектің болуын;
  • банктік шоттар бойынша қалдықтар мен операцияларды;
  • ақшаны нысаналы пайдалану туралы ақпаратты;қарыз беруге жұбайының (зайыбының) келісімінің болуын ескере отырып, қарыз алушының кредит қабілеттілігіне талдайды.

Ал жұбайының келісімімен алатын несиесінің шекті көлемі жеке қаулымен бекітілмек. Бұған дейін жеке тұлғаның қаржы ұйымдарынан алатын несие көлемі 3,7 млн теңгеден асса, онда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі талап етілетіні хабарланған.