Тоқаев шахматтан әйелдер құрамасын олимпиададағы күміс жүлдемен құттықтады

Жарияланды 23 Қыркүйек 2024 09:34

(жаңартылды 23 Қыркүйек 2024 09:34)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
шахматы
Шахматтан әйелдер құрамасы Олимпиада күмісін жеңіп алды / Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әйелдер құрамасын 2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдесімен құттықтады. Олимпиаданың соңғы ойындарында құрама АҚШ пен Польшаны жеңіп, Үндістаннан бір ұпай ғана артта қалды.

«2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған Қазақстанның әйелдер құрамасын құттықтаймын. Бұл – қазақ шахмат мектебі мен шахматшы қыздарымыздың тамаша жетістігі. Спортшыларымыз биік белестерді бағындыра берсін!» – деп жазды президент Х әлеуметтік парақшасында.

Қазақстан Шахмат федерациясының ақпаратына сүйенсек, әйелдер құрамасы алғашқы турларда Уругвай, Финляндия, Австрия және Сербия командаларын әртүрлі есеппен жеңіп, тұрақты түрде ұпай жинаған. Тек 5-ші турда биылғы фавориттер Үндістан құрамасынан жеңілген. Дегенмен әрі қарай жеңісті жолын жалғастырып, Куба, Әзірбайжан, Франция және Польша командаларын жеңіп, 9-шы турдың қорытындысы бойынша турнирдің жеке көшбасшысы атанған. Шешуші 10 және 11-ші турларда үздік нәтижені сақтап, Грузия және АҚШ құрамаларымен тең түскен.

Шешуші 11-ші турда Меруерт Камалиденова америкалық шахматшы Карисса Йиптен жеңілді. Дегенмен Бибісара Асаубаева Гулрухбегим Тохиржонованы жеңіп, ұпайды теңестірді. Алуа Нұрман мен Элис Ли арасындағы және Ксения Балабаева мен Ирина Круш арасындағы партия тең нәтижемен аяқталып, команда ұпай саны бойынша күміс жүлдеге ие болды.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

«Әйелдер құрамасының Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасындағы күміс жүлдесі – Қазақстан шахматының күшін бүкіл әлемге көрсететін үлкен жетістік. Жас құрамамыз үлкен психологиялық қысым мен 11 матчтық марафонға қарамастан, әлемнің 169 елінен келген қарсыластарын сенімді түрде артта қалдырып, үздіктердің бірі болды. Мен командамен мақтанамын, жаттықтырушыларға және ата-аналарға алғысымды білдіремін. Екі жыл ішінде осындай нәтижеге жеткенімізге өте қуаныштымын. Жиналған тәжірибе мен жеңіске деген құштарлық бізді болашақта алтын медальға жетелейді деп сенемін, біз бүгіннің өзінде жеңімпазбыз», – деп құттықтады Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Гроссмейстерлер Павел Коцур (капитан) мен Александр Моисеенко (жаттықтырушы) бастағанәйелдер құрамасы (орташа рейтингі 2373, № 10) әлемдегі ең жас құрамалардың бірі. Команда құрамында 20 жастағы IM Бибісара Асаубаева (2482), 19 жастағы IM Меруерт Камалиденова (2352), 18 жастағы WIM Ксения Балабаева (2335) мен WIM Амина Қайырбекова (2243), сонымен қатар Олимпиада дебютанты, ең жас 17 жастағы WIM Алуа Нұрман (2324) бар.

Құраманың қоржынында 2023 жылы Польшадағы Быдгощта өткен командалық әлем чемпионатындағы күміс жүлде де бар. Осыған дейін команда 2022 жылы Ченнаеда 5-ші орынға, 2018 жылы Батумиде 11-ші және 2016 жылы Бакуде 37-ші орындарына ие болған. 

Будапеште  45-ші шахмат олимпиада 10-23 қыркүйек аралығында өткен олимпиадаға Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары қатысқан

Сондай-ақ оқыңыз