Интернетте, әсіресе, әлеуметтік желі арқылы зат сатып алу кезінде сақ болыңыз. Ақша аударудан бұрын сатушының репутациясын және мәміленің шарттарын мұқият тексеріңіз. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті осындай ескерту таратты.
«Бүгінгі таңда интернет пен әлеуметтік желі зат сатып алу үшін маңызды алаңға айналды, бірақ, өкінішке орай, мұнда мәмілелер әрдайым сәтті өтпейді»,- деген комитет БҚО-дағы оқиғаны мысал ретінде ұсынған.
А. есімді азамат қыстық техниканы әлеуметтік желіден көріп, жеке кәсіпкер К. -дан 550 000 теңгеге сатып алмақ болған. Сатушымен ауызша келіссөздер жүргізгеннен кейін, ақшасын бөліп аударды. Алайда тауар жоқ, ақша қайтпаған. Сатып алушы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, сот алаяқ сатушыға 550 000 теңгені толық көлемде қайтаруды және моральдық зиян үшін 20 000 теңге өтемақы төлеуді міндеттеген.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті осындай жағдайларға тап болғандарға бірден көмек ұсынуға дайын екендерін хабарлады.
Бұған дейін интернет-алаяқтықпен күресуге полицейлерге имамдар мен дін қызметкерлері көмектесетіні туралы хабарлаған едік.