Қазақстан отандық стартапперлерді қолдау үшін Google-мен келіссөздер жүргізді

Жарияланды 24 Қыркүйек 2024 18:35

(жаңартылды 25 Қыркүйек 2024 09:22)
Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

Тілші s.ostemir@kursiv.media
Қазақстан отандық стартапперлерді қолдау үшін Google-мен келіссөздер жүргізді / Фото: shutterstock

Қазақстан мен Google компаниясы Google for Startups бағдарламасы аясында өзара іс-қимылды кеңейтуді көздеп отыр. Тараптар отандық стартаптарды әлемдік нарықтарға жылжыту, елімізде цифрлық инфрақұрылым мен инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға уәделескен. Бұл компанияның жасанды интеллект пен бұлтты технологияларды интеграциялау саласында озық екені аян.

Бұған Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің АҚШ-қа сапары барысында қол жеткізіліп отыр. Танымал америкалық компаниялардың өкілдерімен кездесу кезінде тараптар ұзақмерзімді және ұтымды әріптестікті дамыту мәселелерін талқылаған.

Сонымен қатар «PepsiCo» компаниясының басшылығымен кездесу кезінде азық-түлік өнеркәсібін дамыту, еліміздің экспорттық әлеуетін жақсарту мәселелеріне баса мән берілді. Өйткені бұл отандық өнімдердің халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге септігін тигізбек.

«Mastercard» компаниясымен бірлесіп «Цифрлық елдік әріптестікті» (Digital Country Partnership, DCP) бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Министр цифрлық, қолма-қол ақшасыз экономиканы дамытудың маңызы зор екеніне тоқталды. Ендігі мақсат – еліміздің бұл салада көшбасшы ел болуын бекіте түсу. Жетістіктерімізді нығайта түсу үшін қаржы инфрақұрылымын дамыту, финтех-шешімдерді енгізу керек. Бұл үшін өзара бірлесудің маңызы аса зор.

«Citi» компаниясымен 30 жылдық ынтымақтастықтың нәтижесіне қорытынды жасалды. Сондай-ақ тұрақты қаржыландыру, сауда байланыстарын жақсарту және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мәселелері қаралды.

Мұрат Нұртілеу «Visa» компаниясының өкілдерімен қаржылық инклюзивтілікті дамыту және ел аймақтарын көркейтуді көздейтін қаржылық қызметтерді кеңейту және ауылдық өңірлерде цифрлық сервистерді жетілдіру мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ оқыңыз