Жасөспірімдер арасында суицид оқиғалары жиілеп барады, бұған мобильді ойындарының әсері бар ма?
«Синий кит», «Крассный дельфин» немесе «Тихий дом» сияқты ойындар әртүрлі уақытта ақпараттық кеңістікте қауіпті ойындар ретінде танылған. Түрлі дереккөздердің мәліметінше бұл ойындар жасөспірімдердің квесттерді өту барысында әртүрлі тапсырмаларды орындап, соңғы тапсырма ретінде өз-өзіне қол салуына дейін апарған.
Соңғы уақытта ата-аналар чаттарында балалардың киберқауіпсіздігіне назар аударып, олардың телефондарының мазмұнын шұғыл түрде тексеру керек деген хабарламалар тарады. Атап айтқанда, Schoolboy Runaway ойыны көпшіліктің назарына ілікті.
Сондай ата-аналардың бірі Жәнібек Әлікен өз Facebook парақшасында бұл ойын жайлы жазба жариялады.
«Ата – аналар, балаларыңызға мұқият болыңыздар! Бейтаныс нөмірден ұлыма қоңырау шалып, крышадан секірсең әке -шешеңе 10 мың доллар береміз деген», делінген жазбада.
Жәнібек Әлікеннің айтуынша бұл жағдайдан кейін ол полицияға жүгінді. Қоңырау шалған номерді анықтау үшін Жәнібекті мобильді операторға жіберді. Алайда мобильді операторлардың мәліметінше ешқандай қоңырау тіркелмеген. Ата-аналарды бұл жағдайда алаңдатып отыр.
Schoolboy Runaway — бұл ресейлік квест-ойын, мұнда бірінші тұлғадағы стратегия мен шынайы 3D графика қолданылады. Ойыншы нашар баға алғаны үшін ата-анасы жазалаған баланың рөлін ойнайды. Ол ата-анасының әртүрлі тапсырмаларын орындауға мәжбүр болады, бірақ сонымен қатар достарымен ойнағысы келеді. Ойын сюжетінің шынайылығы оны танымал етті. Балалар бастапқыда тапсырмаларды орындауды ұнатса, кейін олардан құтылу үшін үйден қашудың түрлі жолдарын іздейді.
Сондай-ақ, Жәнібектің айтуынша қоңырау шалған адам баласына «шатырдан секірсең әке -шешеңе 10 мың доллар береміз» дегенен бөлек, сонымен қатар скулбой ойынының үздігі болып мәңгі қаласың деп уәде берген.
Психологтардың пікірінше, ата-аналардың басты міндеті — балалар тұтынатын контентті бақылау және сүзгіден өткізу керек.
Еске сала кетейік, бұған дейін 16 қыркүйек күні Алматыда екі оқушы терезеден құлап кетті. Олардың суицид жасағаны болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше олардың телефондарынан суицидке үгіттейтін ойындар табылмаған.