Өткен жылы өрттен зардап шеккен «Семей орманы» табиғи резерватындағы ағаштар 4,5 млрд теңгеге сатылып жатыр. Резерват басшылығы өрттен зардап шеккен ағаштарды «Электронды сауда алаңы» порталында сатылымға шығарды.
Сайтта барлығы 51 лот орналастырылған, оның бастапқы бағасы 4,5 миллиард теңгеден асады. Ал ең төменгі баға 11 миллион теңге, бұл соммаға 1083 текше метр ағаш ұсынылған. 175,8 миллионға дейінгі сомаға 17 335 текше метр көлеміндегі ағаш ұсынылуда.
Бағалау ақпаратындағы мәліметтерге қарағанда, орман қорығындағы бұл ағаштар 2023 жылдың маусымында өрт кезінде зақымдалған.
Электрондық сауда алаңы платформасының сайтында орналастырылған лоттардың өзге аукциондардан айырмашылығы бар. Бұл аукцион құны төмендемейді, керісінше жоғарылайды. Осылайша, өрттен зардап шеккен орманның сату құны 4,5 миллиард теңгеден жоғары болуы мүмкін.
Семей орманындағы өрт
2023 жылдың 8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығын алапат өрт жайлады. Өртті сөндіруге кеткен 15 адам қаза тапты.
Сол жылы 11 маусымда Президент Бас прокуратураға өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Бас прокуратура немқұрайдылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
2024 жылдың 13- мамырында «Семей орманы» резерватында болған өртке екі адам кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, Қазақстан екі жылдағы екі орман өртінен 384 млрд теңге шығынға ұшыраған. Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша бірде-бір біздің маман, бірде-бір ғалым дайындалмапты. Мұндай мәліметті Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин келтірген болатын.