Алматыға туристер қай елден көп келеді?

Жарияланды 26 Қыркүйек 2024 14:43

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Алматыға туристер көбіне белсенді демалыс пен табиғат үшін келеді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматыда орташа статистикалық туристің портреті жасалды. Almaty tourism bureau мен Mastercard деректері бойынша, Алматыға келетін шетелдік туристердің басым көпшілігі – жасы 26-35 аралығындағы ер адамдар. Олар көбінесе мәдени шаралар мен экотуризмді таңдайды. Шетелдік қонақтар қалада орта есеппен 5 күн болып, тәулігіне шамамен 334 доллар жұмсайды. Олардың 42%-ы қонақүйлерге тоқтайды.

Ал ішкі туристердің көпшілігі – жасы 18-25 аралығындағы ер адамдар, көбінесе туыстарын көруге келеді. Олар хостелдерді таңдап, күніне шамамен 38 доллар жұмсап, Алматыда 2 күндей болады.

Алдыңғы жылдармен салыстырғанда Алматыда туризм қарқынды өсіп келеді. Жарты жылда қалаға 1,07 миллион адам келсе (+10,1%), оның 302 мыңын шетелдіктер (+15,6%) құрайды. Туризм саласынан түскен салық түсімдері сегіз ай ішінде 39,5%-ға артқан.

Бұл деректер Алматының туристік саласының тұрақты өсуін және жергілікті әрі шетелдік саяхатшылардың қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Алматыға туристер қай елден көп келеді?

Алматыға алыс шетелдерден авиабилет брондау саны бойынша алғашқы үштікке Түркия, Оңтүстік Корея және Қытай кіреді. Қытай азаматтарына жақында визасыз режим енгізілгендіктен, бұл елден келушілер саны жыл ішінде 6 есеге өскен. Топ-10 елдердің ішінде Нидерландтан басқа барлық ел бойынша брондау саны артқан. Халықаралық туристердің негізгі шығындары қонақүйлер, мейрамханалар және авиабилеттерге жұмсалады.

Алматыға туристер көбіне белсенді демалыс пен табиғи көрікті жерлер үшін келеді екен. Бұл екі санат туристік сұраныстың 70%-ын құрайды. Қаладағы танымал орындар арасында Шымбұлақ курортына ерекше қызығушылық бар, туристердің 19,8%-ы өз пікірлерін осы жерге қалдырған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанға 1-13 қыркүйек аралығында 597 мың шетелдік турист келген еді.

Сондай-ақ оқыңыз