«Жеңіс» пен «Астана» футбол клубтары 1 млн доллар үшін таласады

Жарияланды 26 Қыркүйек 2024 13:00

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Жеңіс» пен «Астана» 1 млн доллар үшін таласады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Жеңіс» пен «Астана» футбол клубтары Қазақстан лига кубогының финалына өтті. Бұл туралы Qazaqstan Football league хабарлады.

25 қыркүйек күні QFL Лига кубогының жартылай финалындағы қарымта ойындары өтті. Жеңімпаздар тек пенальти сериясында анықталды. Финалға қос Астаналық ұжым өтті.

Лига кубогының бірінші жартылай финалдық жұбында елордалық «Жеңіс» пен алматылық «Қайрат» клубтары кездесті. Жалпы есеп 2:2 болып, пенальти сериясында «Жеңіс» клубы 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Екінші жартылай финалдық жұпта елордалық «Астана» мен семейлік «Елімай» клубтары ойнады. Екі ойынның қорытындысы бойынша қос клуб 0:0 есебін тіркеп, пенальти сериясында «Астана» клубы семейліктерден 3:1 есебімен басым түсіп, Лига кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, енді «Жеңіс» пен «Астана» арасындағы лига кубогының финалдық матчы 24 қарашада өтеді. Бұл турнирдің сыйақы мөлшері 1 миллион АҚШ долларын құрайды.

Сондай-ақ QFL-дың хабарлауынша, лига кубогының финалы қай стадионда және қай күні өтетіні туралы қосымша хабарланады.

Еске сала кетейік, бүгін, 26 қыркүйек күні футзалдан әлем чемпионаты аясында Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпиондары Португалияға қарсы ойнайды.

Жанкүйерлер бұл ойынды сағат 20:00 де QazSport арнасынан көре алады.

Сондай-ақ оқыңыз