Мектепте орамал тағуға қатысты тыйым күшін жойған жоқ – Жоғарғы сот БАҚ-та тараған ақпаратты жоққа шығарды

Жарияланды
мектепте орамал тағуға тыйым
Мектепте орамал тағуға қатысты тыйым алынған жоқ / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жоғарғы сот тарапынан мектепте орамал тағуға рұқсат берілгені жөнінде кеше, 25 қыркүйекте тараған ақпаратты жоққа шығарды. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, мектепте орамал тағуға салынған тыйым күші жойылмаған.

Сот оқушының сабаққа жіберілмеуін заңсыз деп таныған.

«Бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдарында және әлеуметтік желілерде Жоғарғы Сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат таралуда. Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі», – делінген хабарламада.

Істі қарау кезінде сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпаған. Осы орайда, сот бейінді министрліктің орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктері бар екенін хабарлайды.

«Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған», – делінген сот хабарламасында.

Сонымен бірге Жоғарғы сот ата-аналарға мектеп жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау міндетіне жауапты екенін ескерткен. Яғни ол жарғыда көрсетілген талаптарды орындамағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өйткені Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ата-аналардан балаларды тәрбиелеу мен білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өздеріне алған және заңда белгіленген міндеттерді орындау талап етіледі.

Еске сала кетсек, құқық қорғаушы Жаслан Аймағамбетов өзінің Instagram парақшасында Жоғарғы соттың «балалардың білім алуға құқығын шектемеу үшін»  оқушы қыздарға мектепке орамал тағып баруға рұқсат бергенін хабарлаған болатын.

«Жоғарғы сот қыз балалардың мектепке орамал тағып келуіне қатысты мәселенің нүктесін қойды. Сот облыстық сот қаулысының күшін жойып, мұндай шектеулер білім алу құқығын бұзатынын мойындады. Балалардың құқықтарын қорғауға бірнеше заңгерлер мен белсенділер қатысты. Әркім өз үлесін қосты», – деп жазды құқық қорғаушы.

Сондай-ақ оқыңыз