Сот азаматтық некедегі жарын өлтіргені үшін сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айырмаған. Балалардың анасы Назым Қахарман сот шешімін түсіндірді.
Назым Қаһарманның айтуынша, сот Салтанат Нүкеновамен Қуандық Бишімбаевтың некесі заңды түрде тіркелмегендіктен, Бишімбаевты ата-ана құқығынан айырудан бас тартқан.
«Сотта Салтанат балалардың отбасы мүшесі ретінде қаралмайтыны айтылды. Заң бойынша Бишімбаев балалардың отбасы мүшесін өлтірген жағдайда ғана ата-ана құқығынан айырылады екен. Сот балаларымның Салтанатпен қарым-қатынасын, олардың беташарда, құдалықта болғанын, кейіннен жақсы араласқанын ескермеді. Бишімбаевтың балалардың көзінше Салтанатпен жанжалдасқаны туралы да сөз болмады. Балалар «әкесінің әрекетінен психологиялық зардап шекпеген» деді. Себебі сотта оларға психология зардап шеккізетін ақпаратты судья Көлбаева (Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істі қараған судья) қосқан екен», – деді Қаһарман.
Оның айтуынша, сотқа дейін үйіне қамқоршы-қорғаушы органның өкілдері келіп балаларымен сөйлесіп, Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру керек екенін айтқан. Дегенмен прокурор бұл оймен келіспеген. Балалардың психологиялық жағдайына баға беру туралы өтініш те қаралмаған.
«Сот барысында психологиялық сараптама тағайындауды сұрадық. Алайда сот пен қамқоршы-қорғаушы орган бұған қажеттілік жоқ деп атады. Себебі бұл сұрақтарды қойғанда, балалар оқиғаны қайтадан еске алады деп есептеді. Олар тергеу барысында балалардан тек тегін өзгерту туралы сұраймыз дегенімен, оқиға туралы толыққанды қайта сұрап, 2-3 сағат тергеуге алынды», – деді құқық қорғаушы Мадина Уапбекова.
Адвокаттың айтуынша, Бишімбаев Нүкенованың өліміне қатысты істі ашық түрде қарау туралы шешім қабылдаған кезде балаларының жағдайын ойламаған.
Бұған қоса, Назым Қаһарман балаларының тегін өзгерту туралы өтініш берген. Бастапқыда Бишімбаев келісімін бермеген. Дегенмен сот отырысынан кейін, балалардың тегін өзгертуге келісіп, қолхат жазып берген.
Қаһарманның сөзінше, сот Бишімбаевтан алимент алу мәселесін де қараған. Ол өзінің алименттен бас тартқанын айтқан. Себебі Бишімбаевтың алимент қарыздары болған. Сондай-ақ Қаһарманға алимент төлеу бойынша бірнеше талап қойған. Яғни балалар Бишімбаевтың өзімен және ата-анасымен кездесіп отыруы керек болған. Қаһарман бұған келіспеген және балалардың олармен кездесуді қаламайтынын айтқан.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.
Мамыр айында Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («қинау») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес кінәлі деп танылды. Ол төрт жыл бойы қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде жазасын өтейді.