Жаңалықтар

Назарбаев университеті «әріптестерін кемсітті» деп айып тағылған профессорды тергеп, гендерлік теңдікке басымдық беретінін мәлімдеді

Назарбаев университеті гендерлік теңдік комитетін құрмақ/коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Назарбаев университетінің (НУ) президенті Вакар Ахмад профессор Тимур Атабаевтың әйел әріптестеріне қатысты пікіріне студенттердің шағымдары бойынша жедел тергеу жүргізді. 10 күн ішінде университеттегі тәртіптік комиссия шешім шығарады.

«Профессор Тимур Атабаевтың сөздеріне байланысты ресми түрде шағым түсіріліп, қазір оны тәртіптік комиссия қарауда. НУ президенті, профессор Вакар Ахмад тергеуді тез жүргізіп, 10 күн ішінде түпкілікті шешім қабылдауды тапсырды», – деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Назарбаев университеті басшысы вице-провост Лоретта О’Доннеллге жаңа гендерлік теңдік комитетін құруды және оны басқаруды тапсырды, ол қазіргі қудалау (харассмент) аймағы комитетінің құрамында жұмыс істейді.

«Инклюзивті және құрметті академиялық орта қалыптастыруға ұмтылған жетекші ғылыми мекеме ретінде НУ жынысына, нәсіліне, дініне немесе сыртқы түрі бойынша талқылауға жол бермейтін жайлы орта құруға мүдделі», – деді университет.

Назарбаев университетінің студенттері профессор Тимур Атабаевты сексизмге жол берді деп айыптады. Университеттің Instagram желісіндегі ресми парақшасында Атабаев әйел ғалымдардың ғылыми зерттеумен шұғылданғаннан гөрі кофені жиі ішетінін жазды. Университеттің Instagram желісіндегі жазба астында профессордың әйелге деген өшпенділігін айыптаған пікірлер жазылды.