Lifestyle

Әкелер де декретке шыға алады: ол үшін не істеу керек?

Әкелер декретке шыға алады / Фото: shutterstock

Декреттік демалыс тек әйелдерге арналған деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі Қазақстан заңнамасына сәйкес, бала күтіміне байланысты демалысты жаңа туған баланың анасы ғана емес, әкесі де ала алады. Ол Еңбек Кодексінде шегеленіп жазылған. Қазіргі таңда гендерлік теңдік және отбасыларға қолдау білдіру мәселесі қоғамда жиі талқыланады. Мұндайда қолдаудың үлкені — ата-аналарға жынысына қарамастан декретке шығуға мүмкіндік беру. Бүгінгі материалымызда әкелер арасында мұндай демалысқа кімдер шыға алатынын, қандай төлемдер мен жәрдемақы алуға болатынын айтамыз. 

Ерлердің декреттік демалысында қандай ерекшелік бар?

Декреттік демалысқа қатысты шарт-талаптың бәрі Қазақстанның Еңбек Кодексінде жазылған. 100-бапта айтылғандай, балалы болған әке жұмыс орнына өтініш жазып, ол үшке толғанға дейін айлық төленбейтін демалыс алуға құқылы. Ер адамдар мына жағдайларда декретке шыға алады: 

  • өз қалауы бойынша; 
  • баланы жалғыз өз бағып отырса;
  • Қамқоршы болса;
  • Бала асырап алған болса.  

Жұмыс беруші қызметкерге мұндай жағдайларда демалыс беруге міндетті. Оған қоса, Еңбек Кодексінің 54-бабына сәйкес, декретке кеткен қызметкерлерді жұмыс беруші демалыс кезінде жұмыстан шығара алмайды. Әрі Кодекстің 87-бабында көрсетілгендей, сол декретте отырған уақыт еңбек өтілі ретінде есептеледі. Қысқасы, Қазақстан заңнамасы бойынша балалы болған ата-ана бала күтіміне байланысты демалысты кімнің атына рәсімдейтінін өзі біледі.  

Ендеше, әкелер декретке шығу үшін не істеу керее екенін қадам бойынша тізіп шығайық: алдымен ер адам жұмыс орнына тиісті демалысқа шығуға өтініш жазады. Оның ішінде ұзақтығы қоса көрсетіледі. Заң бойынша максимум мерзім — 3 жыл. Бала күтіміне байланысты демалыс алуға өтінішке қоса туу туралы куәліктің көшірмесін өткізеді. Одан соң жұмыс беруші тарап демалысқа жіберу туралы бұйрық шығарады. 

Бала бір жарымға толғанша берілетін жәрдемақы

Бала 1,5 жасқа толғанша берілетін әлеуметтік жәрдемақыны ерлер де ала алады. Жұмыс істемейтіндерге төленетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері мынадай:

  • Бірінші бала болса — 5,76 АЕК (5,76×3 692=21 265 теңге);
  • Екінші бала болса — 6,81 АЕК (6,81×3 692=25 142 теңге);
  • Үшінші бала болса — 7,85 АЕК (7,85×3 692=28 982 теңге);
  • Төртінші баладан бастап — 8,90 АЕК (8,90×3 692=32 858 теңге).

Бұл сома жыл сайын айлық есептік көрсеткіш өзгерген сайын құбылып тұрады. Мысалы, биыл АЕК — 3692 теңге. Әлеуметтік жәрдемақы бала 1,5 жасқа келгенше, ай сайын түсіп тұрады.  

Жұмыс істейтін ер адамдарға бала күтіміне байланысты табысынан айырылған кезде әлеуметтік төлем тағайындалады. Мұндай төлемді әлеуметтік сақтандыру жүйесінің барлық қатысушысы ала алады. Былайша айтқанда, жұмыс берушіңіз сіз үшін ай сайын тұрақты түрде әлеуметтік аударым жасап отырған болуға тиіс. Бұл төлемнің мөлшері әркімнің табатын табысына байланысты әртүрлі. Есептеу үшін кейінгі 2 жылдағы табысты түгел қосып, 24-ке бөлеміз. Одан кейін сол шыққан санды 0,4 коэффициентке көбейтеміз. Кейін міндетті зейнетақы жарнасына аударылатын 10%-ды алып тастағанда, таза қолға түсетін төлем мөлшері белгілі болады.

Әлеуметтік төлемді қалай есептеуге болады?

Осы ретте мысал ретінде қалай есептеуге болатынын көрсетейік. Айтқандай, кейінгі 24 айдағы табыс есептеледі. Әлеуметтік аударымдар жасалған кейінгі 2 жылдағы айлықты қосамыз. Бір жыл 200 мың теңге алып, екінші жылы айлығы көтеріліп 300 мың теңге болды делік. Басты шарт сол: барлық міндетті аударым жасалған болуы керек. Енді есепке кіріссек: 12*200 000+12*300 000=2 400 000+3 600 000=6 000 000 теңге. Бізде кейінгі екі жылдағы табыс мөлшері белгілі. Осыдан соң, оны 24-ке бөліп, орташа жалақы мөлшерін анықтаймыз: 6 000 000/24= 250 000 теңге. Демек азамат орта есеппен ай сайын 250 мың теңгеден алып отырды деген сөз. Бала бір жарымға толғанша төленетін жәрдемақы мөлшерін есептеу үшін біз тұрақты 0,4 коэффициентке көбейтеміз. 250 000*0,4 =100 000 теңге. Осы сомадан зейнетақы жарнасын шегереміз. Сонда 90 000 теңге шығады. Осы соманы бала 1,5 жасқа келгенше алып отырады. Айтпақшы, бұл әлеуметтік төлем 168 000 теңгеден аспауға тиіс. Әрі ең төменгі 7 жалақыдан және жұмыс істемейтін әйелдер алатын жәрдемақыдан төмен болмауы керек.

Төлемді рәсімдеуге керек құжаттар

Құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет Мемлекеттік корпорациясына» өткізу керек. Өтініш 8 жұмыс күні ішінде қаралады. Сөйтіп тағайындалатыны не тағайындалмайтыны белгілі болады. Ең қолайлысы — онлайн рәсімдеу. Ол үшін мына бетке кіріп, өтінім қалдыра аласыз. Декреттік демалысты рәсімдеу процесі ерлер мен әйелдерге бірдей. Ол үшін өзіңіз тіркелген мемлекеттік емханадан еңбекке жарамсыздық парағын аласыз да, жұмыс орныңызға апарып өткізесіз. Емханаға барарда жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды апаруды ұмытпаңыз. Егер онлайн алғыңыз келсе, онда Egov.kz порталыны кіріп, авторизация жасаңыз. Одан кейін «Қызметті онлайн сұрау» деп басыңыз. Өтінімді толтырып, электрон қолтаңба арқылы қол қойыңыз. Жеке кабинетіңізден өтінімді қарап отырыңыз. Бала күтіміне байланысты табыстан айырылған кезде де еңбекке жарамсыздық парағы керек болады. Ол үшін еңбекке жарамсыздық парағын алып, тіркелген жеріңіздегі Халыққа қызмет көрсету орталығына барасыз. Қандай құжаттар керек болатынына тоқталайық:

  • Төлқұжат не жеке басты куәландыратын куәлік;
  • Баланың туу туралы куәлігі;
  • Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы. Оның артында жұмыс берушінің қолы мен мөрі міндетті түрде болуы керек;
  • Төлемдер қандай шотқа төленуі керегі жазылған банк шотының нөмірі бар құжат;

Егер жеке кәсіпкер болса, онда осы құжаттарға қоса жеке кәсіпкерліктің мемлекеттік тіркеуін растайтын құжат, салық пен басқа да міндетті төлемдер бойынша акт қажет. Бала асырап алып жатқандарға қамқоршы екенін растайтын құжаттар көрсету керек болады. Ал құжатты басқа адам тапсырып жатса, нотариус арқылы сенімхат жасалуға міндетті.    

Жұмысқа өтініштегі мерзімнен ерте шығуға бола ма?

Бала үшке толғанша отырамын деп өтініш жазып, бірақ одан ерте шыққысы келсе, қалауына қарай шыға алады. Бастысы, заңнамаға сәйкес, басшылыққа бұл ойы туралы кемінде бір ай бұрын ескертіп айтуы керек. Жұмысқа ерте шығып кеткендерге баланы тамақтандыруға арналған үзіліс барын еске салғымыз келеді. Әйелдер емізуге уақыт ала алатынындай, баласын өзі асырап отырған әкелер (баланың анасы болмаса, бір жарым жасқа толғанша) сәбиін тамақтандыруға үш сағат сайын үзіліс алуға болады. Бір баласы барларға  берілетін үзіліс — 30 минут, екі не одан да көп баласы болса — 1 сағат. Жұмыстың қай бөлігінде алған қолайлы екенін жұмыс беруші мен қызметкер екеу ара ойластырып, шеше алады. Яғни жұмысқа бір сағат кеш келе ме, әлде бір сағат ерте кетіп қала ма — өздері біледі. Үзіліс жұмыс уақытында берілсе де, ол оның айлық жалақысына әсер етпейді.   

Қазақстанда ерлер декретке көп шыға бермейді

Қолда бар кейінгі ақпарат 2023 жылдың тоғыз айындағы деректер ғана. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мәліметтерге қарасақ, былтыр алғашқы 9 айда жарты миллионға жуық адамға 198,6 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілген. Оның 99,7%-ын әйелдер алған. Қазақстанда ерлер декретке онша шыға бермейді дегеніміздің себебі осында. Яғни үлесіне қарасақ, бар болғаны 0,3% немесе 1 551 адам ғана. Оның ішінде 457 ер адам былтыр бірінші рет декретке шыққан екен.