Жаңалықтар

Америкалық компания Қазақстанда суару жүйесінің жабдықтарын шығаруға ниетті

Америкалық компания суару технологияларының жобасын ұсынып отыр / Фото: архив kursiv.media 

Қазақстанға ауыл шаруашылығы дақылдарын заманауи техникалық құралдармен суару жүйесін жетілдіру ауадай қажет. Америкалық Lindsay Corporation компаниясы мәселені бір жолға қою үшін осы бағытта Қазақстанмен бірлесіп жұмыс жасамақ. Шетелдік компания ирригациялық жабдықтарды құрастыру жобасын Қазақстанда іске асыруға мүдделі болып отыр.

Ірі жобаны жүзеге асыру үшін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Lindsay корпорациясының президенті Оберто Густавомен кездесті. Вице-министр ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін қазіргі заманғы техникалық суару құралдарын енгізу арқылы ұлғайтуды көздеп отырғанын мәлімдеді.

«Сіздің компанияңыз ұсынатын суару, инфрақұрылым және өнеркәсіптік технологиялар саласындағы инновациялық инженерлік шешімдер біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. Оларды пайдалану агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына жағымды әсер етеді. Біз осы бағытта ынтымақтасуға дайынбыз», – деді вице-министр.

Ал Оберто Густаво бүгінде компания Lindsay жабдықтарын Қазақстан аумағында құрастыру және оқшаулау жөніндегі жобаны іске асыру мәселесін қарастырып жатқанын атап өтті.

Бұрын Lindsay Manufacturing Co деген атпен белгілі болған Lindsay Corporation компаниясы 1955 жылы Линдсейде, Небраска штатында құрылған. Корпорацияның штаб-пәтері Омаха қаласында орналасқан. Lindsay Corporation Zimmatic маркалы суару жүйелерін өндірумен айналысады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, құрылыс техникасын, жол және теміржол инфрақұрылымына арналған жабдықтар шығарады.

Тамшылап суару технологиялары қымбат, оларды өзіміз қашан шығарамыз? 

Жыл басында Үкіметте су ресурстарын басқару жүйесін дамыту мәселесі қаралған болатын. Сол уақытта премьер-министр болған Әлихан Смайылов тамшылап суару технологиялары қымбат екенін айтып, жауапты министрліктерге бұл технологияны елде өндіру тетіктерін табуды тапсырған еді.

Экс премьер-министр жалпы елімізде 312 мың гектарда тамшылатып суару жүйесін қолдану жоспарланғанын айтқан. Айтуынша, қазір оның жалпы аумағы небары 84 мың гектарды ғана құрайды. Бұл технологияларды пайдалануға олардың құнының қымбаттығы кедергі екен. Смайылов мұндай құрылғыларды елде өндіру керектігін атап өткен еді. Ол үшін су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керек екенін жеткізген болатын.

Биыл сәуір айында сенат депутаты Руслан Рүстемов сурау жүйелерінің нашарлығына қатысты мәселе көтерген еді. Сенатор Қызылорда облысындағы ирригация жүйелерінің нашарлығынан жыл сайын 2 млрд текше метр су ысырап болады деген мәлімет келтірген болатын. Сол себепті ол Сырдария су объектілерін республикалық меншікке беруді талап етті.