Шығыс Қазақстан облысында туристерге арналған екі жаңа әуежай салынады. Оның бірі – Қатонқарағай ауданындағы Солдатово ауылы. Нысан Қатонқарағай мен Үлкен ауыл арасында болмақ. Әуежай Қатонқарағайдан 38 шақырым жерде орналасады.
«Зайсанда әуежай Сәтбаев атындағы бұрынғы әскери әуеайлақтың аумағында орналасады. Бұл жерден Зайсан қаласына дейінгі қашықтық 25 шақырымды құрайды», – деп хабарлады Көлік министрлігі.
Алдымен Q400, ATR 42/72, CRJ200 әуе кемелері үшін ұзындығы 2200 метр болатын жасанды ұшу-қону жолағы салынбақ. Осы ұшақтар арқылы Астана мен Алматыдан облыстың туристік орындарына қатынауға болады. Кейін жолақты кеңейтіп, үлкен ұшақтарды (Airbus А320, Boeing 737) қабылдауға арналған инфрақұрылым салу жоспарда бар.
«Мемлекет басшысы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында сапалы жол инфрақұрылымы бар аэровокзал кешендері мен әуежайларды салуды тапсырды. Үш әуежайдың да құрылысы келесі 2025 жылы басталады», – деді Көлік министрі Марат Қарабаев ШҚО-да әуежай жоспарын талқылаған кезде.
Авиация және құрылыс саласының сарапшылары мен жобалаушылар мына факторларды ескерген:
- Жер бедері мен метеожағдай;
- Әуе кемелерінің қонуына кедергі жоқ;
- Қонудың екі курсынан да әуе кемелерін қабылдау-шығару мүмкіндігі;
- Әуежай инфрақұрылымын кеңейту мүмкіндігі;
- Ыңғайлы локоция (Үлкен Нарын, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай маңы);
- Инженерлік инфрақұрылымның болуы және жолдарға жақын орналасуы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі туристік инфрақұрылымдардың дамуы нашар екенін айтып, Үкіметті сынады. «Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн», – дей келе, қыркүйек айында өткен кеңес отырысында Үкіметке тапсырма берді.