Жаңалықтар

Ертістің суын оңтүстікке жеткізу мүмкін – Су ресурстары министрлігі

ертіс
Болат Бекнияз Ертіс өзенінің суын оңтүстіктегі өзендерге жеткізу мүмкін екенін айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-рдактор-Ахтам Зиперов

Ертістің суын оңтүстік өзендерге жеткізу мүмкін. Бұл жайлы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Болат Бекнияз айтты.

Министрлік өкілінің айтуынша, Үкіметте мұндай жоспар бар. Алайда Үкімет бұл жобаға әлі шындап кіріспеген. Тек оңтүстік өңірлерде су тапшылығы болса, осы жоспар жүзеге асырылуы мүмкін.

«Бұл – жоспар ғана. Әзірге ешқандай құжат әзірленген жоқ. Ал негізінде бұрын осындай жобалар болған. Мәселен, Сібір өзендерін оңтүстік өңірлерге тарту, Ертіс өзенінен оңтүстікке канал жүргізу сынды жобалар қолға алынған болатын. Жалпы мұны ғылымда – бассейнаралық су ағынын бөлу деп атайды. Өзіңіз білесіз профицитті және дефицитті бассейндер бар. Суы көп өзен ресурстарын суы аз өзенге бөліп жатады. Сондықтан бұл жоспарды орындауға болады», – дейді вице-министр.

Болат Бекнияз мұндай каналды жүргізу үшін бірінші кезекте Ертіс суын бөлісетін екі ел – Қытай және Ресеймен келісімге келу қажет екенін айтады. Бұл тараптар келісім берген соң, үлкен ғылыми жұмыстар жүргізу қажет болады. Сонымен бірге сол өңірдің флорасы мен фаунасына, топырақ құрамына әсері зерттелуі керек. Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстанда мұндай тәжірибе бар. Ертістен осы тәсілмен орталық өңірлерге су жеткізілген.

«Осылайша су тарту тәжірибесі бізде бар. Өздеріңіз білетін, Ертіс-Қарағанды бойынша қазылған Қ.Сәтпаев каналы бар. Ол 1950 жылдары осы тәсілмен жүзеге асырылған. Бұл канал әлі де орталықты сумен қамтамасыз етіп отыр. Канал 500 км жерге, 600 метрге жоғары көтеріп қазылды. Бірінші – Екібастұзға, ары қарай Қарағандыға жеткізілді. Бұл канал бүкіл орталық Қазақстанды сумен қамтып отыр», – деді.

Айта кетсек, вице-министр оңтүстік өңірлерде су тапшылығы болса, ол жерге Ертіс суы тартылатынын айтты. Үкімет тарапынан арнайы жоба қарастырылып жатқанын да жеткізген еді.

«Орталық Азиядағы су тапшылығына қатысты Үкімет тарапынан бір үлкен жоба қарастырылып жатыр. Ертістің суын Сырдарияға дейін жеткізу бойынша үлкен жобаны бастап жатырмыз»,- деп мәлімдеген болатын Бекнияз.

Вице-министр 12 жыл қатарынан «Сібір—Орталық Азия» каналы құрылысына қатысты ғылыми жұмыстарға қатысқанын да жеткізді. Сол орайда, Ертістен Сырдарияға су жеткізу мүмкін екенін айтады. Жалпы Обь өзені мен Ертістің суын Арал теңізі бассейніне жеткізу идеясын бірінші болып, Киев университетінің ғалымы Я.Г.Демченко 1868 жылы ұсынған кен. Кейін КСРО тұсында бұл бастаманы жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіле бастаған.

«Сібір—Орталық Азия» жобасының негізінде «Анти-Ертіс» бағдарламасын жүзеге ассыру көзделген. Ол бойынша Үлбі өзінен су  Ертіске, одан ары Қазақстанның Торғай ойпаты арқылы Әмудария, Сырдарияға жеткізілуі керек болған.