Қорғаныс министрлігінде ауыс-түйіс болды. Дәурен Қосанов Қорғаныс вице-министрі, Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары – Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды»,- делінген хабарламада.
Қосанов 1969 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 1990 жылы Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін аяқтаған. Содан кейін әскери-әуе академиясына оқуға түскен. Атап айтқанда Ю.А.Гагарин атындағы әскери-әуе академиясын 2005 жылы аяқтаған болса, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын 2013 жылы тәмамдаған.
Қызметін Үшарал жауынгерлік полкінен бастаған. Содан кейін Талдықорғандағы «Су-27» эскадрильясының командирі, Қарағанды авиабазасы штабының бастығы, Шымкент авиабазасының командирі болған.
Ал 2013 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы болып тағайындалған.
2019 жылы бұл қызметінен босатылып, Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бастығы болып тағайындалған.
2022 жылдың қазанында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас штабы бастығының бірінші орынбасары, ал екі айдан соң, Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалған.
2024 жылы оған авиация генерал-лейтенанты атағы берілген.
Еске сала ктесек, 25 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК төрағасының тағы бір орынбасарын тағайындаған болатын. Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Серікұлы Сарқұлов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Оның алдында да мемлекет басшысы бірқатар ҰҚК лауазымды қызметкерлері арасында ауыс-түйіс жасаған. Президент жарлығымен Марат Қабиденұлы Жұмабаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы барлау қызметінің директоры лауазымына тағайындалды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары қызметіне Алмас Тілепбергенұлы Наймантаев бекітілді.