Қырғызстан билігі Көлбаевтың қылмыстық тобына тиесілі құны 10 млн доллар болатын ғимаратты мемлекетке қайтарып алды
Бішкек қаласындағы құны 10 млн доллар болатын бұрынғы «40 лет Октября» тігін фабрикасының ғимараты Қырғызстанның мемлекеттік меншігіне қайтарылды. Ғимарат 2023 жылы қайтыс болған Қамшы Көлбаевтың қылмыстық тобына тиесілі болған.
24kg басылымының ақпаратына сүйенсек, Қамшы Көлбаевтың қылмыстық тобына қатысты тергеу кезінде құны 900 миллион сом (10 млн доллар) ғимараттың жеке меншікке заңсыз берілгені анықталған.
«2004 жылы кәсіпорынның балансынан заңнаманы бұзу арқылы «Рос-Трейд» ЖШС (кейін «Детский мир» болып өзгерген) жалпы ауданы 13 мың шаршы метр өнеркәсіптің ірі объектісін заңсыз иемденген. «Детский мир» компаниясының директоры ғимараттың жалғыз иесі болу үшін 2009 жылы Қамшы Көлбаевтың көмегіне жүгінген. Көлбаевқа компанияның 50 пайызы берілген», – делінген хабарламада.
2020 жылы инвестор ғимаратты 6 млн долларға сатып, оның 2,3 млн долларын Көлбаевқа берген.
Қырғызстан Ұлттық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті ғимараттың иелері оның заңсыз жеке меншікке өткенін біліп, мемлекетке өз еріктерімен қайтарып бергенін хабарлаған.
2023 жылы 4 қыркүйек күні Қырғызстанда арнайы операция кезінде қылмыстық топ жетекшісі Қамчыбек Көлбаевтың қайтыс болған туралы ақпарат тарады. Көлбаев Қазақстан аумағында да трансұлттық қылмыстық ұйым құрды деген күдікке ілінген. Бірақ қылмыстық мерзімі ескіргендіктен жауапқа тартылмаған.