Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Судандағы БАӘ дипмиссиясына жасалған шабуылды айыптады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстан Судандағы дипмиссияға жасалған шабуылды айыптады / архив kursiv.media

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Судандағы Біріккен Араб Әмірліктерінің дипломатиялық миссиясына жасалған әуе шабуылын қатаң айыптады. Бұл туралы ведомство баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2024 жылғы 
29 қыркүйекте Судан астанасы Хартумдағы Біріккен Араб Әмірліктері дипломатиялық миссиясы басшысының резиденциясына жасалған әуе шабуылын қатаң айыптайды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 29 қыркүйек күні Судан астанасы Хартум қаласындағы БАӘ дипломатиялық резиденциясына әуе шабуылдары болған. AlJazeera басылымының ақпаратына сүйенсек, БАӘ «шабуылға Судан әскерилерінің қатысы болуы мүмкін» деп айыптаған. Ал ресми Судан билігі бұл айыптауларды жоққа шығарған.

БАӘ Сыртқы істер министрлігі осы жағдайға байланысты Араб елдері лигасына, Африкалық одаққа және Біріккен Ұлттар ұйымына шағым түсіретінін хабарлаған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық миссиялар мен олардың қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне жол беруге болмайтынын атап өтті.

«Мұндай әрекеттер 1961 жылғы Дипломатиялық қарым-қатынастар туралы Вена конвенциясының 22-бабында кепілдік берілген дипломатиялық өкілдіктерге қол сұғылмаушылық негізгі қағидасын бұзады және барлық қатысы бар тұлғалардың жауапкершілікке тартылуымен толық тергеу жүргізуді талап етеді», – делінген ведомство хабарламасында.

22 қыркүйекте Пәкістанда 12 мемлекеттің елшілері отырған кортежді алып жүрген полиция көлігі жарылған еді. Дипломаттардың арасында Қазақстан елшісі де болған. Елші зардап шекпеген.

Сондай-ақ оқыңыз