Мұғалімдерге сыйланған гүл – қандай жағдайда пара болып саналады?
5 қазан күні мұғалімдер күні мерекесі атап өтіледі. Жыл сайын ата-ана мен оқушылар «мұғалімге гүл сыйлауға бола ма?» деген сұрақтың жауабын көп іздейді. Бұл сұраққа Оқу-ағарту баспасөз қызметі жауап берді.
Ұстаздар күні расында ерекше күн, мереке педагогтердің біздің өміріміздегі маңызды рөлін тағы бір еске салады. Сондай-ақ бұл бізді тәрбиелеу мен оқытуға бар күш-жігерін жұмсаған ұстаздарға алғыс білдірудің мүмкіндігі. Гүл сыйлау, жақсы лебіз білдіру – біздің мұғалімдерімізге білдіретін алғыс сезіміміздің белгісі. Мұндай ықылас ұстаз еңбегінің маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, ұрпақтар арасындағы сыйластық қарым-қатынасты нығайта түседі», деп жазды министрліктің баспасөз хатшысы.
Ал, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, мұғалім құны 5 айлық есептік көрсеткіштен асатын гүлді сыйлыққа алса қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«Егер сыйлыққа берілген гүлдің құны 5 айлық есептік көрсеткіштен (18 мың 460 теңге) асса және мұғалім сый берушінің пайдасына қарай әрекет етсе, онда мұндай гүлді беру Қылмыстық кодекстің 247-бабы («Заңсыз сыйақы алу») бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», – делінген хабарламада.
Антикордың мәліметінше, мұғалімдерді Қылмыстық кодекстің 366-бабы «Пара алу» бойынша жауапқа тартуға болмайды. Өйткені олар осы бапта қамтылған тұлғалардың тізіміне кірмейді. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі түзету жобасын әзірледі, ол қазір мәжілісте қаралып жатыр.
Еске сала кетейік, былтырдан бері Ұстаздар күні – 5 қазанда атап өтіледі. ҚР Үкіметімен бұл мереке нақты бір күнге қойылып, тиісті қаулы қабылданған еді.