Жаңалықтар

Болат Өтемұратовтың ұлы TNS+ компаниясының 49% үлесін сатып алды

Әлидар Өтемұратов TNS+-тің тұтынушыларға жоғары сапалы қызмет ұсынатынын мәлімдеген / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Болат Өтемұратовтың ұлы Әлидар Өтемұратов TNS+ компаниясының 49% үлесін сатып алды. Компания енді толықтай DAR компаниялар тобының иелігінде. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстандағы телекоммуникация, технология және медиа саласындағы маңызды ойыншылардың бірі – DAR компаниялар тобы әлемнің алты елінде 160 миллионға жуық клиенті бар, жаһандық конвергентті байланыс қызметтері мен дижитал сервистер операторы VEON-мен бірлесіп қазақстандық TNS Plus LLP («TNS+») компаниясы үлесінің 49% сатып алу туралы келісімді аяқтады. Реттеуші органдардың мақұлдауын алғаннан кейін DAR енді толыққанды TNS+ компаниясына иелік етеді»- делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, келісімшарт 2024 жылдың 30 қыркүйегінде Алматыда жасалған. Келісім құны кейінге қалдырылған төлемдерді қосқанда 137,5 млн АҚШ долларын құраған.

Келісімге сәйкес, VEON-ға тиесілі болып келген Beeline Kazakhstan TNS+ компаниясынан телекоммуникациялық инфрақұрылымдарды алуға құқылы. Бұл орайда компаниялар арасында ұзақмерзімді келісімшарттар жасалған.

«Осы келісімді аяқтай отырып, Beeline Kazakhstan TNS+ ұсынатын сенімді көтерме инфрақұрылымды ары қарай да қолдана береді. Оған қоса қазақстандық дижитал оператордың жеке тұтынушылық және корпоративтік қызметтер портфелін құруға күш салынады. Beeline Kazakhstan Simply, Izi, Hitter және BeeTV сияқты мықты дижитал қызметтер ұсынады»,- дейді VEON тобының бас директоры Каан Терзиоглу.   

Компания өкілі сонымен бірге Қазақстанда жасанды интеллектінің көмегімен жаңа, жергілікті құралдар жасауға ат салысып, жергілікті жасанды интеллектінің қазақ тілді моделін дамытуға баса назар аударылатынын жеткізді.

TNS+ басшысы әрі DAR компаниялар тобының негізін қалаған Әлидар Өтемұратов TNS+-тің деректер транзитіндегі көшбасшы орнын сақтай отырып, Қазақстанның телекоммуникациялық инфрақұрылымына инвестиция құйып, тұтынушыларға жоғары сапалы қызмет көрсетуді жалғастыратынын айтқан.

«Еуропа мен Азия арасында деректер тасымалдауда Қазақстанның транзиттік әлеуеті мол. Біз осылайша бизнесті жаңа аймақтарда кеңейтіп, инновациялық дижитал өнімдер енгізуге қатысты жаһандық стратегияны іске асыруды көздеп отырмыз. Осылайша көкжиегімізді кеңейтіп, жаңа технологиялар енгізіп, инновациялық өнімдер ұсынамыз»,- деп мәлімдеген.

DAR халықаралық компаниялар тобының негізі – 10 жыл бұрын қаланған. Бұл компания Қазақстанның дижитал экономикасын дамытуға бағытталған телекоммуникация, финтех, медиа, спорт, қайырымдылық және IT салалары сынды үздік шешімдерімен жақсы танымал.

VEON компаниясы алты елде жұмыс істеп, 160 миллионға жуық тұрғынға конвергентті байланыс қызметі мен дижитал сервистер ұсынатын жаһандық дижитал оператор саналады. VEON өмір сапасын жақсартатын, экономиканың дамуына көмектесетін дижитал технологиялар мен қызметтерді түрін ұсынады.

Айта кетейік, VEON цифрлық операторы TNS+ провайдеріндегі 49 пайыз үлесін сататыны туралы «Курсив» осыған дейін де жазған.