Бұған дейін Болат Өтемұратовқа тиесілі болған 31 арнаның меншік иесі ауысты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«31» телеарнаның меншік иесі ауысты Фото: shutterstock

Құрамына 31 арна мен informburo.kz сайты кіретін «31» медиахолдингтің иесі ауысты. Бұған дейін кәсіпкер Болат Өтемұратовқа тиесілі болған телекомпанияның қазіргі құрылтайшысы – «Әділдік және өркендеу» қоры.

Egov мәліметі бойынша, компания қайта тіркеуден 25 қыркүйек күні өткен. Қазіргі құрылтайшы ретінде көрсетілген қор 2022 жылы құрылған. Ал қордың құрылтайшысы – әр жылдары «31 арна», «Алматы» мен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын басқарған Нұржан Мұхамеджанова мен Гүлжан Марқабаева деп көрсетілген.

Қордың бас директоры – журналист Дана Рысмұхамедова. Ол 2013 жылдары бұрынғы «Нұр Отан» партиясының ақпараттық комитететінің басшысы қызметін атқарған.

«Әділдік және өркендеу» ұйымының сайтында қор әр саладағы белсенді азаматтардың бастамасымен құрылғаны жазылады.

«Қоғамдық Қор елдің барлық өңірінен жиналған белсенді азаматтардың бастамасымен құрылды. Біздің арамызда – өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмыскерлері, фермерлер, кеншілер, құтқарушылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен журналистер, түрлі ҮЕҰ өкілдері бар. Біз өз күшімізді, жинаған тәжірибеміз бен мүмкіндіктерімізді әрбір отандасымыздың Әділетті Қазақстанды шынайы сезінуіне жұмсағымыз келеді», – делінген.

Қордың мақсаты ретінде «президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформаларға өз үлесін қосуға ынталы, белсенді азаматтық ұстанымы бар қазақстандықтарды біріктіру» ретінде көрсетілген.

«31» медиахолдинг бұған дейін Болат Өтемұратовтың активтерін басқаратын «Верный Капитал» компаниялар тобына тиесілі болған. Болат Өтемұратов – Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде алтыншы орында. Оның байлығы 2,7 млрд долларға бағалады. Бұл ретте ол ForteBank акцияларының 83,41%-ына иелік етеді. Ал 7,5%-ы ұлы Алидар Өтемұратовқа тиесілі. Бұдан басқа ол KaR-Tel компаниясы (Қазақстандағы Beeline операторы), алтын өндіруші RG Gold, Астана мен Венадағы Ritz-Carlton қонақ үйлері, Мәскеудегі The Carlton, Rixos Borovoe компаниясы акцияларына ие.

Сондай-ақ оқыңыз