Жаңалықтар

Депутаттар Астанада ақылы автотұрақтар бағасын өзгертуді ұсынды

Депутаттар Астанада ақылы автотұрақтар бағасын өзгертуді ұсынды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаттары алдымен Астанада, кейіннен өзге өңірлерде ақылы автотұрақтар бағасын өзгертуді ұсынатын заң жобасын дайындап жатыр. Бұл туралы мәжіліс кулуарында депутат Асхат Аймағамбетов айтты.

Депутаттың айтуынша, қазір Мәжілісте «Жергілікті мемлекеттік басқару» туралы, яғни «Елорда мәртебесі мен республикалық маңызы бар қалалар мәртебесі» туралы заң жобасы дайындалып жатыр. Ақылы автотұрақтарға қатысты өзгерістер сол заң жобасына енуі тиіс.

Аймағамбетовтің сөзінше, өзгерістер қатарында ақылы автотұрақ бағасы да қарастырылады. Бірыңғай баға болмауы да мүмкін, баға сұранысқа қарай өзгереді. Мәселен, елорда орталықтарындағы, демалыс орындарындағы автотұрақ құны жоғары болса, тұрғын үйлер маңындағы тұрақ құны төмен болады. Депутат әлеуметтік маңызы бар орындарда тегін автотұрақтарды қарастыру керек екенін атап өтті. Алайда қандай орындардың әлеуметтік маңызы бар деп қарастырылатынын нақты айтпады.

Депутат автотұрақтардан түсетін қаржы қалалық бюджеттерді толтыру керек екенін қайталап айтты.

«Қомақты шығын шығармай-ақ, артық қызмет ұсынбай-ақ жеке компания ақылы автотұрақтан түскен қомақты қаржыны алып жатқанын біз де түсіне алмай әлекпіз. Болашақта басқа қалаларда мұндай қателік болмас үшін автотұрақтан түсетін қаржының көп бөлігі қалалақ не өңірлік бюджетке түсетінін заңда нақтылап жазу қажет», – деді депутат.

Айта кетейік, осыған дейін де депутат Аймағамбетов Астана қаласының ақылы автотұрақтарын сынға алған. Айтуынша, олардан түсетін табыстың тек 30%-ы ғана бюджетке түседі. Сонымен бірге депутат мұндай автотұрақтар әлеуметтік маңызы бар жерлерге қойыла бастағанын да сынаған.