2024 жылдың алғашқы алты айында Қазақстандағы қонақ үйлер мен хостелдердің қызметін 3,4 млн турист пайдаланған. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті елдегі туристер ең көп келетін Топ-5 қаланы анықтады.
Комитет ақпаратына сүйенсек, 1-орында әдеттегідей Алматы қаласы тұр. Қалаға 2024 жылдың алғашқы алты айында 1 070 358 турист келген. Оңтүстік астанаға туристер тау-шаңғы курорттарында спортпен айналысып, тауға шығып, концерттер мен фестивальдерге қатысуға келеді.
Екінші орында Астана қаласы тұр. Қаңтар-шілде айларының аралығында елордаға 677 218 турист келген. Комитеттің жазуынша, туристер Астанаға заманауи сәулет нысандарын көріп, мәдени іс-шараларға қатысуға келеді.
3-орынға елдегі республикалық маңызы бар тағы бір қала Шымкент жайғасқан. 2024 жылдың қаңтар-маусым аралығында қалаға 252 919 адам табан тіреген. Аймақта киелі-тарихи орындармен қатар, емдеу-сауықтыру кешендері де көпшілік сұранысына ие.
Бурабай курорттық аймағы орналасқан Ақмола облысы 4-орында тұр. Аймаққа жарты жылда 227 935 турист келген.
5-орында Шарын шатқалы, Қамшағай су қоймасы, «Алтынемел» ұлттық паркі, Алакөл шипажайлары орналасқан Алматы облысы тұр. Аймаққа жарты жылда 215 826 саяхатшы келген.
Елімізге алыс шетелдерден авиабилет брондау саны бойынша алғашқы үштікке Түркия, Оңтүстік Корея және Қытай кіреді. Қытай азаматтарына жақында визасыз режим енгізілгендіктен, бұл елден келушілер саны жыл ішінде 6 есеге өскен. Топ-10 елдердің ішінде Нидерландтан басқа барлық ел бойынша брондау саны артқан. Халықаралық туристердің негізгі шығындары қонақүйлер, мейрамханалар және авиабилеттерге жұмсалады.